Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Тарихты таныған ұрпақтың ойы терең

Дата: 22.09.2026 Рубрика: Туған жер
3
0
Тарихты таныған ұрпақтың ойы терең
«Kitap time-2026» кітап фестивалі аясында «Северный» кітапхана-­филиалында көрнекті жазушы, майдангер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қостанай қаласының құрметті азаматы Серік Шәкібайұлы Шәкібаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған тағылымды естелік іс-шара өтті. «Ой-толғау сабағы» түрінде ұйымдастырылған кездесудің негізгі мақсаты – қаламгердің шығармашылығын жас оқырмандарға таныстыру, тарихи шығармаларға қызығушылықтарын арттыру және ел тарихын құрметтеуге тәрбиелеу.
Кездесуге кітапхананың тұрақты оқырмандары мен қызығушылық клубтарының мүшелері қатысты. Жиын барысында Серік Шәкібаевтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы әңгіме өрбіді. Әсіресе қаламгердің әскери-­тарихи тақырыпқа арналған «Үлкен Түркістанның құлауы» повесть-­хроникасына ерекше назар аударылды.
Серік Шәкібаев – әдебиет пен тарихты қатар алып жүрген қаламгер. Майдангер жазушының өмір жолы да, шығармалары да жас ұрпақ үшін өнеге. Ол соғыс жылдарының ауыртпалығын көріп, кейін сол кезеңнің шындығын әдеби шығармалары арқылы жеткізуге еңбек етті. Сондықтан оның туындыларынан тарихтың ізі мен адам тағдырының сырын қатар кездестіруге болады.
Кездесу барысында оқырмандар «Үлкен Түркістанның құлауы» шығармасының мазмұны мен тарихи негізі туралы ой бөлісті. Повесть-­хроникада Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі күрделі саяси оқиғалар, нацистік Германияның Кеңес Одағын әлсірету және оның аумағын бөлшектеуге бағытталған жоспарлары сөз болады.
Шығарманың ерекшелігі – автордың тарихи деректерге сүйене отырып жазуында. Іс-шарада жабық мұрағат материалдары мен абвер құжаттары, сондай-ақ Серік Шәкібаевтың мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы қызмет тәжірибесіне қатысты деректер сөз етілді. Қатысушылар осындай мәліметтердің шығармадағы оқиғаларды тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Балалар үшін бұл кездесу жай ғана әдеби шығарма талқылауы болған жоқ. Ол «Тарихты не үшін білуіміз керек?», «Өткен оқиғалар бүгінгі өмірімізге қалай әсер етеді?», «Кітап арқылы тарихты қалай тануға болады?» деген маңызды сұрақтарға жауап іздеген ойлы әңгімеге ұласты.
Іс-шараның қызықты өтуіне мультимедиялық материалдар да әсер етті. Экраннан мұрағаттық кадрлар мен таныстырылымдар көрсетіліп, қатысушыларға тарихи кезең туралы қосымша мәліметтер берілді. Кітапхана мамандары жазушының өмірі мен шығармашылығына тоқталып, оның әдеби мұрасының маңызын түсіндірді.
Кездесуде оқырмандар өз пікірлерін ортаға салып, шығармадағы тарихи оқиғалар жөнінде ой бөлісті. Мұндай ашық пікір алмасу жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, өз ойын еркін жеткізуге, дерекке сүйеніп пікір айтуға үйретеді. Жиын соңында Серік Шәкібаевтың шығармалары қойылған тақырыптық кітап көрмесіне шолу жасалды. Оқырмандар қаламгердің кітаптарымен танысып, өздеріне қызықты шығармаларды таңдап алды.
Кітапханадағы осындай кездесулердің тәрбиелік мәні зор. Өйткені кітап – өткен мен бүгінді байланыстыратын алтын көпір. Ал тарихи шығармалар арқылы жас оқырман ел басынан өткен кезеңдерді танып, бейбіт өмірдің қадірін түсінеді. Серік Шәкібаевтың 100 жылдығына арналған бұл іс-шара да көрнекті жерлесіміздің есімін кейінгі ұрпаққа танытып, оның шығармашылық мұрасын насихаттауға үлкен үлес қосты.

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!