Ұлт тәрбиесінің алтын діңгегі
Дата: 10.11.2026 Рубрика: Туған жер
0
3
0

Отбасы – адамзат өміріндегі ең қастерлі ұғымдардың бірі. Адамның бойындағы ізгілік, адамгершілік, мейірім мен парасаттың алғашқы дәні отбасында егіледі. Бала өмірді ең әуелі ата-анасының өнегесі арқылы таниды. Сондықтан «Тәрбие – тал бесіктен» деген халық даналығының мәні тереңде жатыр. Бұл – Рудный қаласында тұратын Сүндет Молдашев ақсақалдың да өмірлік қағидасына айналған ұстаным.
Сүндет ата – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, қырық жыл ұстаздық еткен тіл маманы. Туған жері – Өзбекстандағы Үшқұдық ауылы. Тағдыр жолы оны Рудный қаласына, атамекенге алып келді. Бүгінде ол Рудный қалалық ардагерлер кеңесінің жұмысына араласып, қоғам өмірінен қол үзбей келеді. Ұстаздықты жай ғана мамандық емес, ұлт болашағына қызмет ету деп түсінетін Сүндет Молдашев үшін тіл мәселесі мен отбасы тәрбиесі – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Ол кездесулерде, әңгіме-сұхбаттарда ана тілінің қадірі, отбасындағы тәрбие, ұлттық құндылықтардың ұрпақ санасында сақталуы туралы жиі ой қозғайды.
– Баланы тәрбиелеуді мектептен немесе балабақшадан бастаймыз деу – қате түсінік. Тәрбие тал бесіктен басталады. Анасы баласына әлди айтқан сәттен-ақ оның бойына ізгіліктің алғашқы дәнін себеді, – дейді ақсақал.
Қырық жыл бойы ұстаздық еткен тіл маманы ретінде Сүндет Молдашев ана тілінің отбасындағы орнына айрықша мән береді. Оның пайымдауынша, бала туған тілін ең алдымен ата-анасынан үйренуі тиіс. Үйдегі әңгіме, ертегі, мақал-мәтел, жаңылтпаш пен жұмбақ – баланың тіл байлығын дамытатын табиғи мектеп. Сүндет атаның өзі де сөз өнерінен алшақ емес. Өлең жазады, өмірдің өзінен, айналадағы заттарды бақылай отырып жұмбақтар құрастырады. Бұл шығармашылық ізденісі оның ұстаздық тәжірибесімен ұштасып жатыр. Әсіресе балалардың ойлау қабілетін дамытып, сөздік қорын байытатын жұмбақ жанрына ден қоюы – жас ұрпаққа деген жанашырлығының бір көрінісі. Жұмбақ шешу арқылы бала ойлануға, салыстыруға, ізденуге үйренеді. Ал өлең мен нақыл сөздер оның тілге деген қызығушылығын арттырады. Осылайша Сүндет ата сөз құдіретін кейінгі буынға жеткізуді азаматтық міндеті санайды.
Сүндет Молдашев ақсақалдың тағы бір ерекше қыры – батагөйлігі. Ол – халқымыздың бата беру дәстүрін қадір тұтып қана қоймай, оны жаңғыртып жүрген жандардың бірі. Түрлі бата беру байқауларына қатысып, жүлделі бірінші орындарды иеленіп жүргені де бар. Оның ерекшелігі – батаны қағазға қарап оқымай, жадынан төгілте айтуы. Бата – қазақ халқының тәрбиелік мәні зор дәстүрі. Онда ата-ананың балаға деген тілегі, үлкеннің кішіге деген ықыласы, елдің ертеңіне деген үміті жинақталған. Ақсақалдың түсінігінде, бата беру – әдемі сөз айту ғана емес, адамға жақсылық тілеу, ізгілікке бағыттау, жас ұрпаққа өнеге көрсету. Қазақта «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген қанатты сөз бар. Сүндет ата осы дәстүрдің мәнін терең түсініп, батаның тәрбиелік қуатын кейінгі ұрпаққа жеткізіп келеді.
Рудный – түрлі тағдыр тоғысқан, сан түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан еңбек қаласы. Осындай шаһардың қоғамдық өміріне араласып, ардагерлер кеңесі арқылы елдік мәселелерге үн қосып жүрген Сүндет Молдашев секілді ақсақалдардың орны ерекше. Отбасы – кішкентай ғана қоғам. Сол қоғамда мейірім болса, елде береке болады. Отбасында тіл қадірленсе, ұлттың рухы биіктейді. Ал бала бесіктен жақсы тәрбие көрсе, ертеңгі қоғамның іргесі берік қаланады. Сүндет ата жиі қозғайтын отбасы құндылығының түпкі мәні де осында жатыр. Балаға жақсы тәрбие беру – болашаққа жасалған ең үлкен қадам. Ал сол тәрбиенің бастауы – ана әлдиі, әке өнегесі, ата батасы мен отбасының бірлігінде жатыр.
Айтолқын ӘБДІЛДА, Рудный қаласы

Комментарии