Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Отбасылық дәстүр – ұрпаққа аманат

Дата: 15.09.2026 Рубрика: Туған жер
5
0
Отбасылық дәстүр – ұрпаққа аманат
Отбасы – әр адамның өміріндегі ең қымбат мекен. Бала ең алғашқы тәрбиені отбасынан алады, үлкенді сыйлауды, кішіге қамқор болуды, салт-дәстүрді құрметтеуді ата-анасы мен ата-әжесінен үйренеді. Ал ұрпақтан-­ұрпаққа жалғасқан жақсы дәстүрлер – шаңырақтың берекесін арттырып, өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір.
Отбасы күніне орай Шолақсай ауылында Әлмішевтер отбасымен «Отбасылық дәстүр – өткен мен бүгінді жалғайтын көпір» атты тағылымды танымдық кездесу өтті. Басқосуда отбасы мүшелері өз шаңырағында қалыптасқан салт-дәстүрлері мен отбасылық құндылықтары туралы әңгімелеп, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнегесін ортаға салды. Әлмішевтер әулетінде ата-анадан балаға үйретіліп келе жатқан дәстүрдің бірі – қымыз дайындау мен жылқы баптау. Атадан балаға жалғасқан бұл кәсіп бүгінде отбасының күнделікті тіршілігімен біте қайнасып, отбасылық кәсіпке айналған. Үлкендер жастарға жылқыны күтіп-­баптаудың қыр-сырын үйретіп, төрт түлікке дұрыс қарауды, еңбекті қадірлеуді аманат етіп келеді.
Мұндай тәрбие баланың еңбекке ерте араласуына ғана емес, табиғатты, жан-жануарды аялауға да үйретеді. Себебі қазақ халқы төрт түлікті тіршіліктің берекесі деп бағалаған. Оның қадірін білу де – ұлттық тәрбиенің бір бөлігі. Әлмішевтер шаңырағының тағы бір құнды мұрасы – домбыра. Әкеден балаға аманат болған қасиетті аспап отбасының ажырамас қазынасына айналған. Кешкі уақытта шаңырақта домбыраның күмбірлеген үні естіліп, отбасы мүшелері бірге ән айтып, күй тыңдайды. Бұл – бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, ұрпақты ұлттық өнерге жақындататын тамаша дәстүр.
Ал Ғалымжан ақсақалдың ақындық өнері немересі Инабатқа да дарыған. Өлеңге қызығатын жас талапкер түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Атаның өнері немереге жалғасып, осылайша шаңырақтағы шығармашылық дәстүрдің сабақтастығы сақталуда. Отбасындағы ең ізгі дәстүрлердің бірі – бірге бас қосу. Әлмішевтер әулетінде үлкендердің әңгімесін тыңдау, ата-әженің өмір жолынан өнеге алу, кітап оқу сияқты қарапайым да маңызды әдеттерге ерекше мән беріледі.
Кітап оқу – баланың білімін арттырып қана қоймай, оның ойлау қабілетін дамытады. Ал ата-әженің әңгімесін тыңдау арқылы бала өз әулетінің тарихын, туған жердің тынысын, өмірдің қадірін түсінеді. Осы екі дәстүрдің тоғысуы ұрпаққа әрі білім, әрі тәрбие береді. Қарашаңырақтың қасиеті де осында. Ол – тек үлкен үй емес, ұрпақты біріктіретін рухани мекен. Мұнда отбасының тарихы сақталады, үлкеннің батасы беріліп, кішінің тәрбиесі қалыптасады. Бір шаңырақ астында айтылған әңгіме, тартылған күй, оқылған кітап, бірге атқарылған еңбек – бәрі де бала жадында сақталып, кейін өз отбасына жалғасуы мүмкін. Әлмішевтер отбасының өнегесі – ұлттық дәстүрді сақтаудың ең жақсы үлгісі. Қымыз дайындау, жылқы баптау, домбыра тарту, кітап оқу, үлкеннің әңгімесін тыңдау секілді дәстүрлердің әрқайсысы жас ұрпаққа өмірлік сабақ береді. Өйткені отбасы дәстүрі – өткеннің естелігі ғана емес, болашаққа қалдырылған аманат. Атадан балаға жеткен жақсы әдеттер үзілмей, әр шаңырақта жалғаса берсе, ұлттық құндылықтарымыз да ұрпақпен бірге жасай бермек.

 
 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!