Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Жас дарын

Дата: 07.07.2026 Рубрика: Туған жер
6
0
Жас дарын
Қостанай қаласындағы жаңа үлгідегі «Жайлы мектептің» төртінші сынып оқушысы Аңсар Жаңбыр тоғызқұмалақтан Қостанай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бұйрығымен «Спорт шеберіне кандидат» (КМС) дәрежесін ресми түрде қорғап үлгерді.
Аңсардың спорттық қоржынына көз жүгіртсек, оның нағыз еңбекқор әрі тума талант иесі екенін байқау қиын емес. Ол бірнеше жыл қатарынан республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі ірі турнирлерде топ жарып, жеңіс тұғырынан түспей келеді. Оның архивтік марапаттарының ішінде Қазақ ССР-нің спорт шебері Әбдібек Айтмағанбетовті және бапкер Амангелді Ерғалиевті еске алуға арналған турнирлердегі жүлделі орындары бар. Аңсардың ең ірі жеңістерінің бірі Ауыл шаруашылық және білім беру ісінің үздігі, Еңбек ардагері Жалпақбай Нұрмағамбетовті еске алуға арналған республикалық турнирде 11 жастағы ұлдар арасында жекелей есепте І орынды жеңіп алып, бас алтын кубокты басына көтеруі болды. Сонымен қатар, Астана қаласында өткен Бауыржан Кенжетаев атындағы республикалық жарыста да 1-орын иеленіп, өзінің елдегі ең үздік ойыншылардың бірі екенін дәлелдеді. Сапар географиясы мұнымен шектелмейді: ол Семей қаласында өткен Азия чемпионы Алмаз Қабдықадыровты еске алу турнирінде де алтыннан алқа тағынды. Жас дарын тек кәсіби спорт залдарында емес, бұқаралық шараларда да белсенді. Наурыз мерекесіне орай «Kostanay Plaza» сауда-ойын-сауық орталығында өткен ашық біріншілікте және Заречный мектеп-­лицейінде ұйымдастырылған Тәуелсіздік күніне арналған жарыста да үздіктер қатарынан көрінді. Ерейментау қаласында өткен халықаралық деңгейдегі Х-шы республикалық турнирде Аңсар өзінің қайсар мінезімен көзге түсіп, «Жеңіске деген құштарлығы үшін» арнайы номинациясымен марапатталды.
Аңсардың жетістігі елімізден тыс жерлердеді де жоғары бағаланған. Оның жеке мұрағатында Бішкек қаласынан келген, Халықаралық «Тогуз ат» федерациясының Президенті қол қойған арнайы Алғыс хат (Ыраазычылык билдирүү) бар. Бұл – оның халықаралық аренадағы алғашқы үлкен бағалануы.Жуырда ғана өткен Қостанай облысының ресми чемпионатында Аңсар өзінің әмбебап ойыншы екенін тағы да дәлелдеді. Уақыт тығыз, секундтар шешім қабылдайтын Блиц бағыты бойынша ол облыс чемпионы атанып, 1-орын алды. Ал ұзақ ойлануды, терең стратегияны қажет ететін Классика түрінен қола жүлдегер атанды. Марапатты облыстың бас спортшысы Д. Советханұлының өз қолынан алу жас чемпионға ерекше серпін бергені анық.
«Дала шахматы» атанған тоғызқұмалақ ойыны оның математикалық есепке жүйрік, сабақта зерек әрі өмірде сабырлы болуына септігін тигізген. Бүгінде оның үйдегі жеңіс бұрышында жарқыраған кубоктар мен медальдар тізіліп тұр.
«Аңсар – тек мектебіміздің ғана емес, бүкіл облысымыздың мақтанышы. 4-сыныпта оқи отырып, спорт шеберіне кандидат атану және осыншама алтын кубоктарды иелену – үлкен еңбек пен толассыз ізденістің жемісі», – дейді мақтанышпен оның ұстаздары.
Алда Аңсарды үлкен жарыстар мен жаңа белестер күтіп тұр. Болашақта Қазақстанның көк туын әлемдік ареналарда желбіретіп, Әлем чемпионы атануды мақсат еткен жас дарынның қадамына сәттілік тілейміз!
Айша Сейтқан

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!