Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

17 наурыз – Шаңырақ күні

Дата: 17.03.2026 Рубрика: Туған жер
6
0
17 наурыз – Шаңырақ күні
Наурыз мейрамы – халқымыздың ең көне әрі ең қастерлі мерекелерінің бірі. Бұл мейрам табиғаттың жаңарып, тіршіліктің түлейтін кезеңімен бірге келеді.
Соңғы жылдары Наурыз мерекесі жаңа мазмұнда атап өтіп, 14–23 наурыз аралығында «Наурызнама» атты онкүндік ретінде өткізіліп жүр. Әр күнге ерекше атау беріліп, соған сай түрлі мәдени, танымдық және тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады.
Осы онкүндіктің маңызды күндерінің бірі – 17 наурыз, Шаңырақ күні. Бұл күннің мән-мағынасы өте терең. Ол қазақстандықтардың жас ұрпақты тәрбиелеу мәдениетін дәріптеп, балалар мен жастардың бойында патриотизмді, адамгершілікті, еңбекқорлықты және отбасы құндылықтарын қалыптастыруға үндейді.
Қазақ мәдениетінде шаңырақтың орны ерекше. Шаңырақ – тек киіз үйдің төбесі ғана емес, ол – аспан күмбезінің бейнесі, отбасының тірегі, береке мен бірліктің белгісі. Қазақ халқы үшін шаңырақ – ұрпақтан-­ұрпаққа жалғасып келе жатқан материалдық әрі рухани мұраның символы. Сондықтан да халқымыз жас жұбайлардың отау құрып, шаңырақ көтеруін үлкен қуаныш деп санап, ерекше мән берген.
Ата-бабаларымызда «шаңырақ көтеру» деген салт болған. Бұл – жаңа отбасының құрылуын, жаңа өмірдің басталуын білдіретін ерекше дәстүр. Осы арқылы үлкендер жас отбасыға ақ батасын беріп, олардың өмірі бақыт пен берекеге толы болсын деп тілеген.
Бүгінде Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасы аясындағы Шаңырақ күні – жалпыұлттық отбасылық құндылықтарды, сыйластықты дәріптейтін күнге айналып келеді. Бұл күні отбасылық кездесулер, үлкендерге құрмет көрсету, әулет тарихын айту, ұлттық дәстүрлерді насихаттау сияқты шаралар өткізіледі.
Айта кетейік, «Наурызнама» онкүндігі мына күндерді қамтиды:
• 14 наурыз – Көрісу күні.
• 15 наурыз – Қайырымдылық күні
• 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні
• 17 наурыз – Шаңырақ күні
• 18 наурыз – Ұлттық киім күні
• 19 наурыз – Жаңару күні
• 20 наурыз – Ұлттық спорт күні
• 21 наурыз – Ынтымақ күні
• 22 наурыз – Жыл басы
• 23 наурыз – Тазару күні
Наурыз – ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтатын ерекше мереке. Оның жаңа тұжырымдамасы көне мейрамның бастапқы мәнін қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа халқымыздың салт-дәстүрін, дүниетанымын тереңірек танытуға бағытталған. Сондықтан Шаңырақ күні – әрбір отбасының бірлігін арттырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, ұлттық тәрбиені дәріптейтін маңызды мереке.
Қызықты дерек
• Қазақтар «Шаңырағың биік болсын!» деп тілек айтқан. Бұл – отбасың мықты, берекелі болсын деген мағына береді.
Мақал-мәтел
• «Отан – отбасынан басталады».
• «Әке – асқар тау, ана – бұлақ, бала – жағасындағы құрақ».
Тағы қандай мақал-­мәтелдер білесің, ойланып көр!

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!