Емле көкжиегі
Қазақ тіл білімінің абыз анасы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, марқұм Рәбиға Сыздықтың ғылымдағы орны биік.
Р.Сыздық латын жазулы қазақ емле ережелерінің жобасын жасауда ескерілетін негізгі талаптар мен ескертулерді жазды. Ғалым бүгінгі қолданылып отырған жазу – кириллицаны өзге жазу – латынға ауыстыру проблемасына тоқталды. Бұл жазуға арналған емле ережелерінің қазіргіден өзгеше болады (болуға тиіс екендігі)... Дәл қазір оның баптарын тізіп толық кодексін ұсыну қиын, өйткені алдымен графиканың қазақ тіліне сай нақты әліпбиі түзілген жоқ» деген-ді.. Біздіңше, латын әліпбиіне көшу тек әріп ауыстыру емес, бұл түбегейлі тілдік реформа.
2018 жылдың ақпанында жаңа әліпби бекіп, осы жылдың қаңтар айында жаңа емле мақұлданды. Емленің алғашқы жобасы Ұлттық комиссияда мақұлданып, алғашқы жобасы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Емле ережесі жарияланған күннен бастап, қазақ жазуының болашағы ғылыми ортада қызу талқыланды. Қызу талқыға негіз болған тілдік проблемалар туралы бұдан он жыл бұрын профессор Рабиға Сыздық өзінің іргелі зерттеу қорытынды есебінде емле ережесін екшеуде негізге алынатын концептуалды ойларын жазған болатын. Қазақтың маңдайалды грамматологының концептуалды ойлары қазіргі кезде орфограммаларды жаңа емле бойынша кодификациялауда аса құнды болады деп сенеміз
Профессор Р.Сыздық біріншіден, «латынәліпбилі жазуда қазақ тілінің өзіне тән ерекше (ұлттық) дыбыстардың таңбалары (ә, ө, і, ұ, ү, қ, ғ, ң) түгел болуға тиіс. Бұл жағдайда осы әріптердің жазылуына байланысты емле баптары негізінен сақталады, тек иллюстративтік материалдары (мысалдары) өзгертіліп, қысқартылып, толықтырылып берілуі мүмкін» деген сөзіндегі «қазақ тілінің өзіне тән ерекше дыбыстардың таңбалары түгел болуға тиіс» деген ойы әліпби құруда ең маңызды принцип болып табылады. Проф. Р.Сыздық көрсеткендей, жаңа емледе әріптердің емлесіне қатысты біршама баптар кириләліпбилі жазудағы дәстүрді сақтады.
Екіншіден, проф. Р.Сыздық «Кириллица мен емле жазуына бірдей келетін тақырыптарға қатысты емле баптары да негізінен сақталады, яғни қос сөздердің бөлек жазылатын сөздердің, бірге жазылатын сөздердің, шылау сөздердің, бас әріптің жазылуына қатысты ереже баптары көп өзгермейді. Тек бөгде тілдік сөздерге қосымшалардың жазылуына байланысты бірді-екілі өзгеше баптар мен ескертулер болуы мүмкін» деп арнайы көрсетеді. Ғалымның бұл болжамы ақталып отыр. Жаңа емле ережелерінде ғалым көрсеткен тараулар жазу практикасында қиындық туғызған мәселеге байланысты жаңарды.
Үшіншіден, «Кірме сөздер мен бөгде тілдік сөздердің, әсіресе интернационалдық қордан келген ғылыми-танымдық терминдердің жазылуы, кириллица жазуындағы емлесінен өзгеше болады, олардың «орысша» орфограммасы мүлтіксіз сақталмайды. Бірақ фонетикалық-графикалық тұлғасын (бітімін) мүлде өзгертіп, қазақтың сөйлеу тіліндегі айтылуынша «қазақыландырылып» та жазылмайтын ереже баптары болады» деп көрсеткен. Айта кетерлік жайт, Р.Сыздықтың «бөгде тіл» деп отырғаны шеттілдік
сөздер. Жаңа емледе шеттілдік сөздерге қосымша жалғануына байланысты көп болмаса да өзгерістер бар. Мысалы, «Сөз соңындағы -нг әріп тіркесі ń әрпімен жазылады, қосымшалар үндестік заңына сәйкес жалғанады: boýlıń (-niń, -ge, -i, -der), brıfıń (-niń, -ge, -i, -der), reıtıń (-niń, -ge, -i, -der)» деген жаңа ереже кирилден өзгеше. Кирил әліпбилі қазақ жазуында брифингіге болса, латын әліпбилі жазуда brıfıńge.
«Бөгде тілдік (араб, парсы, орыс) сөздерде қазақ тілінің үндестік заңдары сақталмайды, яғни жуан-жіңішке болып келетін аралас буынды сөздердің орфограммасы орын алады. Сингармонизм заңдылықтары кейбір біріккен сөз, қос сөз сияқты қазақ сөздерінде де сақталмайды. Мысалы, бүгін де кириллицамен көгал, келсап, бесатар, баспасөз, Гүлшат, Ерболат түрінде аралас буынды жазылып жүрген сөздер латын әріптерімен осылайша үндестік гармониясы жоқ аралас буынды болып жазылатын болады.
Сонымен қатар ғалым қазақ әліпбиінен алынған әріптерге (я, ю, ц, щ, ь, ъ...) арналған жеке баптар емле ережесінде көрсетілуі тиіс, бұл өзге тілдік сөздердің дұрыс жазылуы үшін аса маңызды болмақ деп санайды. Қазіргі кезде жаңа емле ережелерін әзірлеу барысында әліпбиден алынған шеттілдік кірме элементтердің жаңа ережеде арнайы баптар арқылы берілмеу керек деген пікірлерге Р.Сыздықтың бұл концептуалды тұжырымы жауап бола алады деп ойлаймыз. Әзірленіп жатқан Ереже баптары «өтпелі кезеңдегі» ереже болғандықтан я, ю, щ, ц сияқты әріптердің жаңаша жазылымы жеке-жеке ереже баптары арқылы берілуі тиіс деп білеміз.
Қарагөз Сұлтанқызы,
Қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Комментарии