Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

«Ұлтты сүю - тілді сүю»

Дата: 20.10.2020 Рубрика: Тіл жаңғырту
967
0
«Ұлтты сүю - тілді сүю»

Физика-математикалық лицейінің 8 «В» сынып оқушысы Алла Варчик латын графикасын насихаттауға арналған "Кел, емле үйренейік" жобасы үшін облыс әкімі А.Мұхамбетовтің "Қанатты қалам" сыйлығын иеленген "Қостанай таңы" газетінің тілшісі Жандос Жүсіпбекпен сұхбаттасқан болатын.

- Жандос аға, Сіз төл тіліңізді өмірлік құндылықтарыңыздың қай сатысына қояр едіңіз?

- Ұлттың құты – ана тілінде. Ал туған тілді құрметтемеу, оның қадіріне жетпеу – нағыз құтсыздықтың өзі, жетесіздіктің белгісі. Әр адамның өз ұлтын сүюі туған тілін сүюден басталуы керек. Кейде қазақ тілінде сөйлемек тұрмақ, қазақша ойлай алмайтын, ана тілін білмегеніне арланудың орнына кінәні өскен орта, алған тәрбие, оқыған мектебіне арта салып, жайбарақат жүре беретін көптеген қаракөз бауырымызға қарап кейисің. Олардың орыс тілінде ұлттық рух, діл туралы көлгірсігені көк тиынға тати ма? Ал мен үшін, әлбетте, ана тілі ең басты құндылық! Осыны қаперде ұстауымыз керек!

-Тіл жанашыры деп кімдерді атауға болады және қай еңбектеріне сүйенесіз?

–Ахаңның, ұлы ұстаз Ыбырайдың еңбектері мен өмірін зерттеп-зерделеп жүрген Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхметов сынды ағаларымызды атап өтуге болады. Мемлекеттің тілдің мәртебесі жолында еңбек сіңіріп жүрген Қалқаман Жақып, Аманжол Күзенбайұлы секілді тұлғалар да өңірімізге жақсы танымал. Бұл тізімді одан әрі де жалғай беруге болады. Дегенмен дәл қазір барлығын бірдей атап-түстеп айтып жатудың қажеті жоқ болар. Жалпы, облыстағы жүрегі қазақ деп соққан, өз ұлтын шексіз сүйетін, әрдайым ана тілінде сөйлейтін барлық жерлесті тіл жанашыры деп айтар едім.

- Жалпы, латын графикасына көшудің тиімді жолдары қандай?

- Қаламгерлердің міндеті – латыннегізді әліпбиді зерттеу емес, қабылданған емлені қоғамға насихаттау, ықпыл-жықпылын халыққа анық-қанық, ұғынықты етіп түсіндіру, жеткізу. Әрине, ол үшін де ең әуелі жаңа әліпбидің ережелеріне, қыр-сырына терең үңіліп, санаға сіңіріп алу қажет. Акут белгісі енгізілген алғашқы емле ережесі қабылданғанда арнайы курстарына қатысып, үйренген-білгендерімді оқырмандарымызға талдап-тармақтап түсіндіруді қолға алғаным бар. "Кел, емле үйренейік!" атты айдар ашып, газеттің әр жұмадағы нөміріне қаріптердің дұрыс таңбалануын, орфография мен орфоэпияның жаңа заңдылықтарын саралап жазып, көрнекілік ретінде латын әріптерінен кроссворд құрастырып беріп отырдым. Оным оқырмандардан жақсы баға алды. Тіпті, бұл жобам облыстық байқаудың бас жүлдесін иеленгенін айта кетейін. Ал қазір бұл емле қайта қаралып, жетілдіріліп жатыр. Жаңасы қабылданып, түбегейлі бекітіліп жатса, айдарымыздың жұмысы жалғасын табады деген үміттемін.

Ал, енді, латын графикасына көшудің тиімділігіне ой жіберіп көрелік. Бұл, біріншіден, жаһаният көшіне ілесудің төте жолы, озық отыздықпен үзеңгі қағыстырудың, ғаламдық ақпарат алмасудың оңтайлы тетігі. Ол жайында аз айтылып, кем жазылып жатқан жоқ. Екіншіден, санамызға нығыздалып енгізілген кирилл қарпінен алшақтап, ұлтымызға жат дыбыстардан арылып, төл үнімізді оралту. Мұның маңызын әзірге түсінгіміз келмейді, кейбір шеттілді сөздердің жаңа әліпбише айтылуын естісек, сықақтап күлеміз. Ол да уақытша. Үшіншіден, латыннегізді емле қазіргі қолданыстағы әбден пышырап кеткен емлені бірізділендіреді деген үміт бар. Жалпы, қалай болғанда да, бұл

болашақтың әліпбиі. Ал оның іргетасын берік қылып қалап беру – бүгінгі біздің борышымыз.

-Сұқбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан Алла Варчик,

Физика-математикалық лицейдің

8 «В» сынып оқушысы

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!