Тіл құдіреті
Қайың десе, маған «жалғыздық» елестейді. «Берік, мықты ағаш» елестейді. Бірақ «әйел» деген ассоциация туындамайды. Ал орыс ұлтына «березка» десең, олардың санасында еріксіз «нәзік әйел» деген ассоциация туады. Мысалы, мен Ботагөз десем, қазақтар көзі мөлдіреген сұлу қызды елестетеді. Ал орысқа барып «верблюжья глаза» десем, өлсе де сұлу қызды елестетпейді. Орысқа «зеленоглазая» десем, көз алдына әдемі қыздың бейнесі көлбеңдейді. Ал қазаққа «көк көз қыз» десем, сұлу қызды елестетпейді ғой. Көзі тұздай екен деп жақтырмайды. Бұл — тілдің құдіреті.
Тіл дегеніміз анаңның жатыры секілді. Сен содан қорек аласың. Сен сол қорекпен дүниені танисың. Мұны лингвистикада жүйелі түрде бірінші зерттеген немістің ғалымы Гумбольт айтқан. Сонан кейін оның шәкірттері Л.Вайсгерберлер айтқан. Олар: «біз өз тағдырымызбен өмір сүріп жатырмыз деп ойлаймыз. Шын мәнінде олай емес. Біз қай тілдік қауымдастыққа қарасақ, сол тілдік қауымдастықта сөйлейтін тіл бар, сол тілдің өзіндік тағдыры бар, біз сол тағдырдың ішінде жүрміз. Бізді қайда апаратынын білмейміз» дейді. Міне, осындай зерттеулерден кейін немістердің экономикасы да көтеріліп, лингвоэкономика деген ғылым саласы да Германияда жақсы дамығаны белгілі. Себебі бұл зерттеулер жемісін берді, тіл арқылы Отанды сүюді үйреткен соң, экономикасы да көтерілген.
Егер біз де әлемге танылып, экономикамызды көтереміз десек, басқа тілмен, басқа мәдениетпен ешқайда бара алмайтынымызды түсінуіміз керек. Сен өз тіліңмен, өз мәдениетіңмен ғана көрінесің.
Сол жағынан қарап отырсақ, қазақ тіліндегі, қазақ тілі арқылы дәріптелетін басты құндылық адамсүйгіштік екен.
Жарқын Гүлжігіт,
Әдебиет пәнінің мұғалімі
Комментарии