Тіл -ұлттың өзегі
Ана тілі – бізге ананың сүті секілді. Ал басқа тілді емізікпен салыстыруға болады. Емізікпен өскен баладан ана сүтіне уызынан жарыған баланың артықшылығы көп екені анық. Қазақ халқының тілі ғасырлар бойы өзінің түбірін сақтап келуі біздің тіліміздің айрықша бай əрі мағыналы екенін көрсетеді. Мысалы, Адам деген алғашқы пайғамбардың аты халқымызда кісі деген ұғымда сақталған. «Атымды адам қойған соң қайтіп надан болайын!» – деген Абай сөзі ойға оралады.
Əлихан Бөкейхан Ахмет Байтұрсынұлына жазған хатында: «Елдесім – жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті. Бір күні Шəңгерей маған: «Мен сені жақсы көрем. Білесің бе? – деді. Мен: «Жоқ!» – дедім. Шəңгерей маған: «Сен шын қазақсың ба? Сені «қазақ» деп жақсы көрем!» – деді. Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен», – деп жазыпты.
Елдес Омарұлы геометрия мен тригонометрияны қазақша пішіндеме жəне кескіндеме деп атады. Теореманы түйін, гипотенузаны қима, трапецияны қостабан, периметрді жиек, радиусты өріс деп жазды.
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың жаңа сөздерін жасаудағы еңбегі орасан зор. Мəселен, ол публицистиканы көсемсөз, афоризмді ділмəрсөз, живописьті кескін, архитектураны сəулет, музыканы əуез деп атады. Ақаңның орыс немесе басқа тілдердегі даяр сөздерді ала салмай, термин жасауда ана тілінің тамырына үңілуі үлкен үлгі-өнеге. Оның осы үлгісін оның тұстастары да шебер пайдаланды.
Ахмет Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нəрсенің ең қуаттысы – тіл», – деп жазса, Ғұмар Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни, ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең əуелі, ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың...», – деді.
Ақылбек ШАЯХМЕТ,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік
университетінің профессоры
Комментарии