Тілге жүйрік аруымыз
Дата: 06.10.2020 Рубрика: Тіл жаңғырту
0
500
0
Бүгінгі жас буын өте ерекше және үнемі ізденіс үстінде жүреді. Қай мектепті алып қарасаң да, танылып жүрген таланттары көп. Біздің де мектебімізде білім мен өнерді қатар алып жүрген белсенді оқушыларымыз қаншама. Солардың бірі КММ Обаған орта мектебінің 10-сынып оқушысы Байкенова Ботагөз Маратқызы. Ботагөз мектебіміздің мақтанышы, оқу озаты, мәнерлеп өлең оқудың хас шебері, сөз майталманы. Ол кішкентай кезінен тілге жүйрік болып өсті. Өзінің ақылы мен білімінің арқасында өнерге, оқуға деген құштарлығы мектеп табалдырығын аттаған кезінен бастады. Бастауыш сыныпта оқып жүргенінде-ақ көпшіліктің көзіне түсіп үлгерді. Өмірде мінезі салмақты, сыпайы, тұйық, көп сөйлемейтін оқушы. Осы мінезінің арқасында сыныптастарының арасында сыйлы, ұстаздары үшін оқушыларға үлгі. Қандай да бір істі бастаса, аяғына дейін жеткізуге тырысады. Өте жауапкершілігі мол. Өзіне берілген әр істі тиянақты орындап, тез шешім шығара білетін қабілеті де бар. Сонымен қатар, Ботагөз өз ойын еркін толық жеткізе алады, бастаған ісінде жеңіске жететініне өзі сенімді болатыны бәрімізді таңқалдырады. Осындай өмірге құштар шәкірттеріміз көп болса екен деймін. Менің ойымша, баланың өзіне сенімді, жауапты болғаны ұлт болашағына деген нақты қадамдардың бірі. Ботагөз ана тілін ардақ тұтады, ұлт тағдырына бейжай қарамайды. Ботагөз бастауыш сыныпта оқып жүргенінде облыстық театрға өз сыныптастарымен барып, қойылым көрсетіп, халықты бір таңқалдырған еді. Ол сәт әлі күнге дейін бәріміздің де есімізде. Оқушының бойында қалыптасқан актерлік шеберлігіне де күмәнім жоқ. Ол өте жанжақты қыз. Белгілі ақын-жазушылардың өлеңдерін мәнерлеп оқумен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүреді. Сонымен қатар, мың бұрала би билегенді де ұнатады, спорттанда алыс емес. Ең бастысы, бос уақытын құр өткізбейді. Осы тұста Ботагөздің жетістіктерін де айта кеткенім жөн болар: «математика бойынша қашықтық олимпиадасында 3 орын алған», «аудандық «Театральная весна» сайысында «ең үздік әйел рөлі» номинациясына ие болған», «Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткізілген «Есть идея!» атты аудандық балалар шығармашылық жобасында 3 орын иегері атанды», «Топонимика родного края» сайысында 1 орынға ие болды, сондай-ақ, аудандық Жарқын болашақ олимпиадасында «Сөз шеберлері» атты номинациясы бойынша 1 орын иегері атанды және «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасында «Сөз шеберлері» байқауында 1 орын жеңімпазы болды. Бұдан бөлек Ботагөздің жеңістері жетерлік! Барлығын тізе беру мүмкін емес. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген ұстаным осы оқушының бойынан табылатынына кәміл сенемін. Бойындағы дарынын жоғалтып алмай, тек алға қарай шыңдала берсе екен деймін. Ботагөзге орта буын сыныптарда қазақ тілінен сабақ бере отырып, оның дарынды, талантты екенін байқаған едім. Сол үшін де, мен оны барынша дайындап, түрлі сайыстарға қатысуына қолдау білдіріп келемін. Оқушымның осындай жан-жақты қабілеттілігін мақтан тұтамын. Мектебіміздегі әрбір оқушы өзінің талантын көрсете білсе екен деймін. Біз, алтын ұямызда білім алып жатқан барлық шәкірттерімізді мақтан тұтамыз. Қанаттарың талмасын, қашанда білімге құштар болыңдар!
Кенжегүл ТОҚАЕВА КММ Обаған орта мектебі директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұзынкөл ауданы
Кенжегүл ТОҚАЕВА КММ Обаған орта мектебі директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұзынкөл ауданы
Комментарии