Рухани жаңғыру жолы
Қазіргі таңда латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшу – елімізді рухани жаңғыртудағы өзекті мәселелерінің бірі болып отыр . «Рухани жаңғыру» аясында жүргізіліп жатқан шаралардың бірі ретінде аталмыш бастама бүгінде нақты қадамдармен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», - деген болатын. Аталмыш бастама біздің тарихымызбен, болмысымызбен үндес.
Тіл мамандары мен ғалымдар күш біріктіріп, көршілес елдердің тәжірибесін ескере келе, латын қарпіне көшу бойынша уақыт оздырмай нақты іске кірісті. Ғаламдық дамудың жаңа дәуірінде латын әліпбиіне көшу уақыт талабы. Жаңа әліпби бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады.
Бұл әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымызға да ортақ әліпби болмақ.
Латын әліпбиін қолданудың тағы бір ұтымды тұсы – шетелде жүрген қандастарымыз бұл жазу арқылы қазақ жеріндегі барлық жаңалықтан хабардар болып отырады. Себебі, шетелде тұратын қазақтардың басым бөлігі латын әліпбиін пайдаланады. Оған қоса, аталмыш әліпби озық техника мен комьпютер тілін меңгеруге жол ашып, мемлекеттік тілдің қолданылуы аясын кеңейтеді. Бұл бастама, дамыған 30 елдің қатарына ену жолына ашылар есік болады деп есептейміз. Сондықтан әрбір Қазақстан азаматы жаңа бастамаға «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмылып, қоғам болып үлес қосуымыз керек.
Гүлзаш ТӨЛЕНОВА,
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Аманкелді ауданы.
Комментарии