Ғалым пікірі Ұлттық кодының бірі - ұлттық әліпби
Дата: 08.09.2020 Рубрика: Тіл жаңғырту
0
640
0
Әліпби ауыстыру науқанында екі жақ пікір бар. Бір жағында информатика және техникалық мамандар отыр. Олардың пікірінше, болашақ әліпби компьютер түйметақтасындағы 26 таңбадан шығып кетпеу керек, басқаша айтқанда, әртүрлі амалмен (апостроф/дәйекшіні пайдаланып немесе таңбаларды қосақтап) қазақ тілі дыбыстарын белгілеп шығу керек. Солай жасап та жатыр. Сондағы басты дәйектеме компьютерді сол тұрған күйінде пайдалана беруге болады, ешқандай шығын шықпайды, бәрі дайын тұр. Бұл ұсыныс жоғарыда билікте отырған орыс тілді және ағылшынша сауаттанған ағайындарымыздан қолдау тауып отырған сықылды. Өйткені жоба авторлары өздерінің ұсыныстары өтіп кететініне сенімді-ақ. Қазақ тілін компьютерге икемдеудің, бұрында айтқан едік, оңай да жалғанжасанды жолы көп. Оңай болатын себебі – одан-бұдан өгей дыбыс жинап, таңба талғамай қиып-құрап, жамау-жасқау әліпбиді әркім-ақ түзе береді. Жоба ұсынғандардың 99 пайызы осы жолмен кеткендігі дәлел. Пікірдің екінші жағына ұлттық әліпби жасаушыларды топтастыруға болады. Елбасымыз айтқандай, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», ұлттық әліпби сол ұлттық кодтың ең бастысы десе де болады. Ал ауыр да ақиқат жолы біреу-ақ – ұлттық әліпби құрастыру. Қиын болатын себебі – бір ғасыр бойы баса-көктеп, қордаланып қалған көп дыбыстың ішінен төл дыбысты танып-біліп, жиып-теріп, өлшеп-пішіп, қазақ тіліне лайықты төл әліпби жасау. Соның нәтижесінде қазақ тілінің төл дыбыстарына сай төл әріптер қалыптасады. Қазіргі тіліміздегі басы артық ондаған жаңсақ емле-ережелер өзінен өзі жойылып, басы артық кірме әріптердің тіл бұзар машақатынан құтыламыз.
Әлімхан ЖҮНІСБЕК, филология ғылымының докторы, профессор
Әлімхан ЖҮНІСБЕК, филология ғылымының докторы, профессор
Комментарии