Атамның арманы
Дата: 18.08.2020 Рубрика: Тіл жаңғырту
0
525
0
Адам есейгенде, өткенді көп ойлап, еске алады. Мен, мысалы атамды жиі – жиі еске аламын. Бұл кісінің дүниеден озғанына көп болды. Әттең, еліміздің Тәуелсіздігіне, барлық өзгерістерге қатты қуанар еді. Рухани, мәдени жаңғыруды армандап кеткен. Өзіміздің ұлттық құндылықтардан айырылмау керек деп айтатын, бізге атам. «Адам өз тілін, дінін, тарихын ұмытса тозып, бейшара болып кетеді, ұлт жер бетінен де жоқ болып кетуі мүмкін. Мысалы, ағаш тамырсыз қалса? Не болады? Қурап қалады… Адамда солай.» – дейтін еді. Атам өте білімді кісі болған. Оқуды да, жазуды да білген. Араб тілін де білген. Өз тілімізге, салтдәстүрімізге құрметпен қарау керек деп, бізге жиі-жиі айтушы еді. Біз ол кезде орыс мектебінде оқып жүргенбіз. Телебағдарламаларды, газет пен кітапты орыс тілінде қарап, оқып жүрген кезіміз. Бірақ атам қазақ тіліндегі бағдарламаларды қосып қоятын бізге. Бір күні «Қобланды батыр» туралы өлендерді тындайық деп фонограф жазбасын қосты. Қазір ойласам, атам қолынан келгенше тілді, тарихты, ұлттық рухани құндылықтарды балаларға ұмыт тырмаймын деп жүрген екен. Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын халыққа ұсынғанда, мен шын жүректен қуандым. Міне, атамның арманы орындалды деп едім. Өзбасым Сарыкөл ауданындағы «Қараоба» ауылында мұғалім болып жұмыс істеймін. Балаларға айтатыным, бәрі біздің қолымызда! Тәуелсіздігімізді, тілімізді, рухани құндылықтарымызды сақтап қалу үшін, ерінбей жақсы білім алып, еңбек ету керек!
Гүлнар КАБДУЛИНОВА
Гүлнар КАБДУЛИНОВА
Комментарии