Дұрысы таң қалдық па, таңғалдық па?
Дата: 18.08.2020 Рубрика: Тіл жаңғырту
0
6392
0
Қазақ жазуы түбірді сақтап жазатын морфологиялық принципке сүйенеді. Бірақ осы принциптен ауытқитын тұстар бар. XX ғасырдың басында қазақ жазуы тұрақтылығын енді жөндеп келе жатқан кезде кейбір сөздер мысалы, қолғап, жарғанат, қолғанат т.б айтылуы бойынша жазылып кетті. Бұл сөздер әлі күнге дейін айтылуы бойынша жазылады. Себебі, бұл – жазудың дәстүрлі принципіне саяды. Қазақ тілінде таң қалды, таң болды, таңданды деген тұрақты тіркестер бар. Бұлардың түбірі таң. Бұл сөз жалғыз өзі жұмсала алмайды. Қасына міндетті түрде қалып етістік не көмекші етістік тіркеп жұмсалуы керек. Яғни қ – ғ-ға айналып, тұрақты тіркестің екі сыңары қосылып жазылады. Таң қалу, таң қалмау дегендегі қалу 2001 жылдан бері сындырылып, кіріктіріліп таңғалу деп жазылатын болды. Бұған дейін таң қалу, таң қалмау болып жазылып жүрген. Бұл сөзді кіріктірген профессор Рәбиға Сыздықова. Өйткені, ғалым эфирдегі журналистер сөз қалай жазылса, солай оқып жүргендіктен, таңғалу, шегара, көгөніс деген сияқты сөздерді кіріктіріп, ғ-г-мен жазайық деп ұсыныс айтты. Кейін аталған сөздерді бұлай өзгертуге болмайды деген көпшілік тарапынан қарсылықтар болды. Сөйтіп, арада бұл сөздер қайта қалпына келтіріліп, таң қалу, шекара, көкөніс болып жазылып жүрді. Ал 2013 жылғы шыққан «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» Рәбиға Сыздықованың негіздеуімен бұл сөздер сындырылып, таңғалу, шегара, көгөніс болып жазылатын болды. Сондықтан балалардың таңғалу деп жазғаны дұрыс.
Құралай БИМОЛДАҚЫЗЫ, Сүлейман Демирел университетінің оқытушысы
Құралай БИМОЛДАҚЫЗЫ, Сүлейман Демирел университетінің оқытушысы
Комментарии