Әжем мен Атам
«Алтысында жиса асады, жетісінде жиса жетеді» деп, менің болашақтағы жасауымды дайындап, өрмек құрып, алаша тоқып, жүн жуып, жуылып, кептірілген жүнді сабаумен сабап, көрпелер жасайтын. Қағазға салып, әртүрлі ою оятын.
Сәлиман әжем от жағу, тамақ әзірлеу, сиыр сауу сияқты үй ішілік, отбасылық жұмыстарға келінін ортақтастырмай, өзі жалғыз атқарғанды жақсы көретін. Кеңседе есепші болып жұмыс істейтін келінін келіннен көрі баласының орнындағы баласына балайтын еді олар.
«Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деп, өздері айтатын сөздің растығын дәлелдегендей, атам үйде ер адам істейтін шаруаны, әжем әйел адам істейтін істі қабақтарын шытпай, бар ынта-ықыластарымен атқаратын. Тіпті аулада істейтін жұмыс қалмағанда атам жарылған отынның орнынан жаңқа теретін. Үлкен-үлкен қарағайларды екі кісілік арамен кесуші едік. Атам бұтағы көп шөлкеге сына қағып, сынаны соққымен ұрып, шөлкені төртке бөліп, шой балтамен отын жаратын. Жарылған отынды ақ балтамен ұсақтайтын. Ат арбамен шөп таситын. Қой төлдегенде түн ішінде қолына аспа шамды
алып, қораға бірнеше рет барып, жаңа туған қозыны үйге алып келетін. Қол жуғыштың артында, шөп төселген шайдың жәшігінде қозы маңырап, өрістен қайтатын енесін күткен бұзау мөңіреп, оған қосылып, ит үріп, тауық шақырып, таң атып, қыбырлап-жыбырлап, кеш батып, барды-жоқты, ашты-тоқты, жатып-тұрып, жылап-күліп өтіп жататын күндерде атам мен әжем ешқашан ешқайда бізді тастап кетпейтіндей, өмір бойы бізбен бірге жүретіндей ойлаппыз. Жания Ералиева
Комментарии