Қайрымды қала
Әл-Фараби ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі – "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат" ("Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы"). Ғалым қала басшыларын "қайырымды және надан" деп екіге бөледі. Ол кезде қала-мемлекет болған. Оның тұрғындары қай кезде бақытты болады? Ғалымның пікірінше, бұл шаһардың әкімдеріне байланысты. Егер әкім білімді, әділ, ойы таза болса, барлық қала тұрғыны бақытты болады. Ал қаланың әкімі надан болса, өтірік айтса, шаһардың адамдары бақытсыз болады. Әл-Фараби шын бақытқа жету үшін адам үнемі іздену керек дейді. Ал сол қалада тұратын тұрғындарды бес топқа бөледi. Яғни қайырымды қала бес түрлi адамдар тобынан құралады: ең құрметтi адамдардан, шешендерден, өлшеушiлерден, жауынгерлерден және байлардан. Әл-Фараби ең құрметтi адамдарға ақылдыларды, пайымдағыш адамдарды, маңызды iстерде беделге ие болғандарды жатқызады. Екiншi топтағы шешендерге — дiни қызметкерлердi, ақындарды, музыканттарды, хатшыларды сол сияқты шығармашылық жұмыспен айналысатындарды, ал өлшеушiлерге - есепшiлердi, дәрiгерлердi, астрологтарды, математиканы оқытушыларды қосады. Әл-Фараби бойынша, байлар дегенiмiз — қалада байлық табатындар, егiншiлер, мал өсiрушiлер, саудагерлер, қол өнершiлер. Қайырымды қаланы әл-Фараби сау әрі мінсіз адам денесіне ұқсас дейді. Себебі оның әрбір мүшесі денсаулықты сақтау үшін бір-біріне көмектесіп өмір сүреді. Бірақ адам денесіндегі органдар бір-бірінен табиғаты, атқаратын қызметіне байланысты айырмашылық жасайтындығы сияқты қала тұрғындары да өздерінің қыметі мен қоғамдағы орны бойынша айырмашылық жасайды дейді. Қалада бір басшы болады, ол өзінен бір саты төмендегілерден белгілі бір істің атқарылкын талап етеді, ал талап етілгендер өз кезегінде өздерінен кейінгілерден талап етеді, осылайша ең төменгі ешкімнен талап ете алмайтын сатылардағыларға да жетеді дейді. Адам денесінің бас мүшесі, яғни жүрегі ең жетілген және ешкіммен басқарылмайтын, ең жоғары сатыдағы органы болып табылатыны секілді қала басшысы да ең жетілген, ең дамыған, бәрінен жоғары тұратын мүше болып табылады. Адам жүрегі басқа органдардың бірігуінің, яғни адам денесінің бар болуының себебі, қалған органдардың белгілі тәртіппен орналасып, жұмыс істеуінің ұйытқысы. Дәл сол сияқты қала басшысы да қаланың бар болуының, адамдардың оның маңайына топтасуының себебі, олардың белгілі сатымен үйлесімді түрде іс атқаруының ұйытқысы. Жүрек денеде орын алған кез-келген орынсыздықтың барлығы жойып отыратыны секілді,
басшы да қалада орын алған әрбір келеңсіздіктерді жойып отыруы керек. Сондай-ақ адамның мінез-құлқы да жақсы болуы керек.
Сайып келгенде Әл-Фараби осы трактатында қазіргі біз сүріп жатқан өмірге керекті құндылықтардың барлығын жеткізуге тырысқан .
Атайдар Телқозы,
Қостанай қаласы
Комментарии