АЙСӘУЛЕ ӘБДЕШҚЫЗЫ, Белгілі театр режиссері, актриса: «Француз тiлiнде ән шырқадым.»
Театр – нағыз өнердің қайнаған ордасы. Әрбір рөл театр әртісі үшін өте маңызды. Көрермен алдында еш қателіксіз қойылымды ойнап шығу шынайы әртістің ғана қолынан келеді. Сондықтан да, бұл жерде тек шын шеберлер мен өнердің шыңын бағындырған талант иелері қызмет етеді. Сондай жандардың бірі, балақайлар таныс болыңдар, белгілі режиссер, актриса Айсәуле Әбдешқызымен сұхбаттасатын боламыз. Мүмкін сендердің араларыңда өнерге құмар, болашақта шығармашылық адамы боламын дейтін талантты жандар бар шығар. Ендеше, бұл сұхбат сен үшін, болашақ өнер иесі!
- Айсәуле Әбдешқызы, сәлеметсізбе! Кішкентай балақайлар үшін сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет! Карантиннің салдарынан театр жұмысы тоқтап тұрған болар. Көңіл күйіңіз түсіңкі болып жүрген жоқ па?
- Сәлеметпе, Арайлым. Әрине, балалар біздің болашағымыз ғой. Олардың ізденіп сіздердің газеттеріңізді оқығаны көңіл қуантады. Негізі, елімізге келген ауыр індет бәрімізді алаңдатып қойғаны анық. Тек менің ғана емес, бүкіл халықтың көңілі пәс болып жүр деп ойлаймын. Бұл ауыртпашылықтан да аман өтерміз деген ойдамын.
- Айсәуле апай, сізге еліктейтін жастар қаншама. Дегенмен, сіз де бала болдыңыз ғой. Мектепте қандай оқушы болдыңыз?
- Шіркін, бал балалық шақты еске түсіргізгелі отырсың ғой! Мен қазірдің өзінде, өзім әже болып отырсам да сол бала Айсәулені, мектептегі естеліктерді сағынамын. Шыны керек мен мектепте оқып жүргенімде, қазіргі заманның тілімен айтқанда жұлдыз болдым. Өйткені өнерге қатты қызықтым. Ән айтып жүріп аудандық, облыстық түрлі байқауларға қатыстым. Бәрі мені әнші ретінде танитын. Тек қана қазақ тілінде емес, елді елең еткізіп француз тiлiнде ән шырқадым. Кейін театр өнеріне қызыға бастадым. Өлеңдерді мәнерлеп оқып, шағын монологтар жаттауды үйрендім. Театр сахнасына қызығып өскен мен, болашақта актриса боламын деп армандадым. Қазіргі таңда ол арманым орындалып қана қоймай, өзім де болашақ әртістерді дайындап жүрмін. Бұл мен үшін өмірімде жеткен үлкен жетістіктердің бірі деп білемін.
- Өнерге қызыққан кішкентай қыздың сабаққа деген ынтасы бола қоймаған шығар. Сүйіп оқитын пәндеріңіз болдыма?
- Жоқ, мен өнермен оқуды қатар алып жүрдім. Әнді қаншалықты жақсы көрсем, сабақты да соншалықты орындайтынмын. Жалпы маған қазақ әдебиеті, қазақ тілі, тарих, тіпті математика пәндері ұнайтын. Осы пәндерді сүйіп оқыдым. Негізі өнер адамына әдебиет жақын болады ғой. Маған да сол әдебиет сабағы қатты ұнайтын. Оқып отырған кішкентай оқырмандарға да айтарым, жалықпй оқыңдар, егер спортқа жақын болсаң тек сонымен кетпе, өнерге жақын болсаң да тек ән айтып, би билеме, сабағыңды бірінші орынға қой! - Осы пәндердің қайсысынан бестік бағаны көп алатын едіңіз?
- Мен баға үшін оқымайтын оқушылардың қатарынан болдым. Бес қоймаса көңіл күйім түсіп, ренжіп жүрген емеспін. Өзіме лайық баға қойса соған қанағат етіп отыратынмын. Ал, жалпы «бестік» деген бағаны әдебиет, тарих, әсіресе музыка пәнінен көп алатынмын. Ұлы ақын Абай мен Ыбырайдың нақыл сөздері мен өлеңдерін есте жақсы сақтайтынмын. Солардың өлеңдерін жаттап өстім. Сонымен қатар Махамбеттің де жырларын жатқа айтатынмын.
- Сізді мақтайтын ұстаздарыңыз көп болған шығар?
- Әрине, көп болды. Әсіресе мектеп директоры Сүлеймен деген ағай менi жұлдыз дейтiн. Ол кісінің осы сөздеріне қуанатынмын. Әр айтқан мақтауы маған қанат бітіретін. Сол кісілердің арқасында осындай жетістіктерге жеттім. Ұстаздан шәкірт озады дейді ғой. Ол кісілердей білім қуып кетпесем де, өз саламда биігіме жеттім деп санаймын.
- Біздің кішкентай оқырмандарға айтарыңыз болса?
- Мен негізі мектеп-интернатта оқыдым. Сондықтан мектепке барғым келмейді деген әңгімені айтпаса екен деймін. Мектеп формасының қырын шығарып тұрып киетінбіз. Шашымыздан ақ бантик түскен жоқ. Сендерде мектеп бітіргенше үлкен өмірге асықпаңдар. Мен отбасында жалғыз болғандықтан емін еркін өстім. Мектепте де көпшіл болдым. Адамдармен тез тіл табысатынмын. Қазіргі балалар телфоннан көздерін алмайды. Ортамен араласу дегенді біле қоймайды. Сол үшін де ата-аналарға айтарым, балаларыңызды бір мегзіл ұялы телефон мен компьютерден алшақтатыңыздар. Достарымен далаға шығып ойнап, жан-жағымен араласып, еркін өмір сүрсін. Көпшіл болған бала көштен қалмайды!
- Сіздің ойыңызша бақытты болу үшін не істеу керек?
- Ең алдымен бақытты бала болу үшін білімді болу керек. Оқуға деген ынтасы бар бала болашақта білікті маман болады. А л, ондай маман иесі өз отбасының бақыты үшін барын салады. Қазір барлығын да еңбек шешеді. Жалқау болмаңдар!
- Сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет!
Арайлым ҚАБИМОЛДАҚЫЗЫ
Комментарии