36
0

Ыбырай Алтынсарин атындағы республикалық байқаудың бесінші шығарылымы жарық көріп, «Таза бұлақ» атты жаңа жинақ оқырман назарына ұсынылды. Бұл жинаққа балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік әдеби шығармаларды анықтау мақсатында өткізілген Ыбырай Алтынсарин атындағы V республикалық байқаудың финалистерінің таңдаулы туындылары енгізілген.
«Таза бұлақ» жинағы – бес жылдан бері балалар мен жасөспірімдер әдебиетіне серпін беріп, жаңа есімдерді танытқан әдеби жоба. Басылымның әр беті оқырманды рухани байытып, ойландыратын, жаңа авторлардың шығармашылық көкжиегін кеңейтетін туындыларға толы.
Бес жыл бойы «Таза бұлақ» әдебиет сүйер қауымды – жазушыларды, кітапханашыларды, педагогтар мен оқырмандарды біріктіріп келеді. Бүгінде «Таза бұлақ» әдебиетте өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған бір топ жас авторларды біріктіріп отыр. Олардың қатарында: Нұрбек Нұржан, Айзат Рақыш, Мейіржан Жылқыбай, Елена Клепикова, Ксения Рогожникова, Елена Пономаренко, Лидия Сыздықова сынды қаламгерлер бар.
Байқаудың биылғы жеңімпазы – Нұрбек Нұржанұлы, оның «Қанатты шабандоз» атты повесі екі бірдей аталым бойынша жеңімпаз деп танылды.
«Қанатты шабандоз» повесінде тоғыз жасар Айбергеннің бала арманы – жүйрік ат мініп, бәйгеде жеңіске жету туралы әсерлі оқиға суреттеледі. Арманы орындалғанымен, баланың рухани сынақтан өтуі, өмір мен табандылықтың мәнін түсінуі шығарманың негізгі өзегіне айналған. Мифтік тұлпар Ақпырақ пен Айбергеннің диалогы арқылы автор жеңіліс пен жеңістің, төзім мен рухтың шынайы мағынасын ашып көрсетеді.
Бес жыл ішінде байқауға 103 жазушының 102 шығармасы ұсынылған. Бұл туындыларда ертегіден бастап заманауи прозаларға дейінгі түрлі жанр қамтылған. Әр шығармада жақсылық пен жамандық, достық пен сүйіспеншілік, отбасы мен Отан тақырыптары көрініс табады.
Байқаудың тағы бір ерекшелігі – балалар қазылар алқасының болуы. Қостанай облысының әр өңірінен белсенді, кітапқұмар оқушылар қатысып, өз көзқарастары бойынша үздік туындыны таңдайды. Бұл – жас ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырудың тамаша үлгісі.
Байқауға түскен шығармалар алдымен Эксперттік кеңестің сүзгісінен өтеді, содан кейін ғана негізгі қазылар алқасына жолданады. Бұл жүйе әділдік пен сапаны қамтамасыз етеді.
«Таза бұлақ» – бүгінгі қазақ балалар әдебиетінің үні мен үмітін жеткізетін ерекше жоба. Ол жас жазушыларға шабыт беріп қана қоймай, оқырман мен қазіргі әдебиет арасындағы алтын көпірге айналып отыр.
Комментарии


