Автормен кітапты талдау
61
0

Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ жазушысы Самал Шаймерденовамен онлайн форматта тағылымды әдеби кездесу өтті.
Кездесуге Қостанай қаласындағы № 11 жалпы білім беретін мектептің 5–6 сынып оқушылары қатысып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Назым Таңатқанқызы мен Гүлшат Мұхамбетсалыққызының жетекшілігімен белсенді сұхбат өрбітті.
Әдеби кездесудің негізгі өзегі – жазушының «Ақсақ киік» атты прозалық туындысы болды. Әңгімеде табиғат пен адам арасындағы нәзік байланыс, мейірімділік пен жанашырлық, жауапкершілік сынды қасиеттер көркем бейнеленген. Басты кейіпкер Бектас әпкесі Лашынмен бірге серуендеп жүргенде жаралы киікті кездестіреді. Осы бір оқиға арқылы шығарма оқырманды терең ойға жетелеп, адамзаттың табиғатқа қатыгездігі мен бала жүрегінің мейірімін қатар суреттейді.
Оқушылар жазушыға қызығушылықпен сұрақ қойып, шығарманың мазмұнын жан-жақты ашуға тырысты. «Бұл әңгімені жазуға не түрткі болды?», «Ақсақ киік нақты оқиғадан алынған ба?», «Лашын мен Бектастың тағдыры қалай жалғасады?» деген сауалдарға Самал Шаймерденова шығарманың өмір шындығынан шабыт алғанын, алайда көркем туынды ретінде ойдан құралған тұстары да бар екенін айтты. Жазушы кейіпкерлердің тағдыры оқырман қиялына ашық қалдырылғанын, әркім өз жүрегінде жалғасын таба алатынын жеткізді.
Кездесу барысында оқушылар тек шығарма мазмұнын талдап қана қоймай, қазіргі қазақ әдебиетінің бағыт-бағдары мен жазушылардың көркемдік ізденісі жайында ой түйді. Әңгіме жастардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, рухани дамуына ықпал етті.
Бұл онлайн кездесу – балаларды кітап оқуға баулып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, табиғатқа деген құрметті бойға сіңіруге септігін тигізген тағылымды шара болды. Әдебиет – жас ұрпақтың жан дүниесін байытатын рухани қазына екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Кеш соңында балаларға Алғыс хаттар табыстадық.
Бибігүл Латыпова
Комментарии


