Ұрпақ Абайды оқысын
57
0

Қостанай қаласындағы А. М. Горький атындағы гимназияда «Абай – ұлт руханиятының темір қазығы» атты әдеби кеш өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – ұлы ойшылдың мол мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, Абай шығармалары арқылы оқушыларды ізгілікке, парасаттылыққа тәрбиелеу және олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру болды.
Кеш барысында оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқып, қара сөздерінен үзінділер келтірді. Сондай-ақ Абай әндері шырқалып, шағын көріністер қойылды. Мұндай қойылымдар жас буынға ақынның терең ойларын тереңірек ұғынуға, оның шығармашылығының мәңгілік құндылық екенін сезінуге мүмкіндік берді.
Әдеби кешті қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігі ұйымдастырды. Олар ақын мұрасын насихаттаудың жастар тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқталып, Абайдың сөзі – ұлттық руханияттың темірқазығы екенін атап өтті.
Іс-шараға дарынды оқушылар мен ұстаздар қатысты. Сондай-ақ, құрметті қонақ ретінде белгілі жазушы, журналист, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ақылбек Шаяхмет шақырылып, кештің мазмұнын тереңдете түсті. Әдеби кеш Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаянмен ашылды. Бұл көрініс оқушылар мен көрермендерді ақынның рухани әлеміне жетелеп, оның терең ойларымен қайта қауыштырды. Одан әрі гимназия оқушылары ақын шығармашылығынан үзінділер оқып, әндерін шырқап, Абай рухын ұлықтады.
Ян Венгерский – Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін, Дарья Цой – «Күз» өлеңін мәнерлеп оқыды. Мадина Мұхамбет пен Дмитрий Баршаков Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындап, көрермен ықыласына бөленді. Ал кеш соңында Зубенко Софияның «Желсіз түнде жарық ай» әнін тебіреніспен орындауы жиынның әсерлі нүктесі болды.Кеш барысында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақжібек Сәлімжанқызы Абай мұрасының ұлттық сана қалыптастырудағы маңызын атап өтті:
«Абайдың рухани мұрасы – ұлттық санамыздың негізі. Осындай шаралар арқылы жас ұрпақтың жүрегіне от жағып, адамгершілік пен ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттыру өте маңызды. Балалар Абайдың қара сөздері мен өлеңдері арқылы өмірлік сабақ алады, рухани дамып, болашаққа сеніммен қарайды. Мұндай іс-шараларды жиі өткізіп, жас буынды саналы азамат ретінде тәрбиелеу – біздің басты мақсатымыз», – деді ұстаз.
Ал қазақ тілі пәнінің мұғалімі Әсел Салықова Абай мұрасын оқушылар тәрбиесіне енгізу жолдарын және тіл үйретудегі тәжірибесін бөлісті:
«Абайдың қара сөздері – адамгершілікке тәрбиелеудің маңызды құралы. Біз жас ұрпақты тек қана өлеңдерін жаттауға емес, оның терең ойларын түсініп, өмірлік ұстаным ретінде қабылдауға үйретеміз. Осындай әдеби кештер балалардың бойында рухани құндылықтарды қалыптастырып, олардың тәрбиесіне зор ықпал етеді. Абайдың мұрасы – біздің ұрпақ үшін мәңгілік рухани қазына. Менің ойымша, қазақ тілін екінші тіл ретінде бесінші сыныптан бастап оқыту өте тиімді. Бұл жаста балалар тілдік заңдылықтарды саналы түрде қабылдап, өз ойларын жүйелі жеткізуге дайын болады. Сабақ барысында тек тілдік материалдарды ғана емес, табиғат құбылыстарын, халық ауыз әдебиетін, өлең-жырларды, мақал-мәтелдер мен жұмбақтарды қолдану – оқушылардың қызығушылығын оятады. Осындай тәсіл арқылы бала сөздің мағынасын ғана емес, оның ар жағындағы мәдени мұраны да түсіне бастайды», – деді ұстаз.
Кештің маңызды бөлігінің бірі профессор Ақылбек Шаяхметпен өткен ашық сұхбат болды. Ол оқушылардың Абай өмірі мен шығармашылығына қатысты сауалдарына жауап беріп, ақын мұрасының бүгінгі күнмен байланысы туралы терең ойларымен бөлісті:
«Абай – жай ғана ақын емес, ол – адамгершілік пен әділеттің символы. Оның әрбір сөзі – адамзатқа ортақ үндеу. Бүгінгі жастар Абайды тану арқылы өз болмысын түсініп, өмірлік бағыт алады. Абай – мәңгілік мұраның иесі», – деді қоғам қайраткері.
Кеш аясында оқушылар Абайдың 19-шы және 25-ші қарасөздерінен үзінділер оқып, олардың мазмұнын заманауи өмірмен байланыстыра талдады. Бұл олардың ақын шығармаларын тек жаттап қана қоймай, ойшылдың терең идеяларын түсінуге, оны өмірлік ұстанымға айналдыруға ұмтылып жатқанын айқындады.
Әдеби кеш барысында оқушылардың белсенділігі мен шығармашылық ізденісі ерекше байқалды. Олар өз ойларын еркін жеткізіп, Абайдың парасатқа, адалдыққа, еңбекқорлыққа шақырған өсиеттерін бүгінгі қоғаммен сабақтастырды. Мұндай іс-шаралар жастардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, олардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға да ықпал етеді.
Осындай кештер өскелең ұрпақтың бойында ұлттық сана мен рухани мәдениетті қалыптастырудың маңызды құралы. Себебі Абайдың мұрасы – тек өткеннің емес, бүгінгі күннің де, келер болашақтың да темірқазығы. Ұлы ойшылдың мұралары жас ұрпақтың ой өрісін дамытып, оларды білімге, ізгілікке жетелейді.
Ақерке Арыстанбай
Комментарии


