Абайды оқы, ерінбе!
Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына 175 жыл екенін бәріміз жақсы білеміз. Соған байланысты еліміздің түкпір-түкпірінде іс-шаралар өтіп жатқаны белгілі. Барлық адамға қажетті адамгершілік қасиеттерді санамалап, айқын көрсетіп берген Абай атамыздың өсиеті бізге, өскелең ұрпаққа – өшпес мұра. Сол асыл мұраны, данышпан ақынның ойлы өлеңдері мен философияға толы қара сөздерін дәріптеу – біздің, бүгінгі ұрпақтың міндеті. Мен білім нәрімен сусындап жатқан білім ордасында «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» атты онкүндік өтті. Аталған онкүндікте ашық сабақтар мен сыныптан тыс шаралар жүргізілді. «Жүрегімнің түбіне терең бойла!» атты қ\өлеңді мәнерлеп оқу сайысы өтті. Бұл сайыста 5-6-7 сынып оқушылары жүзден жүйрік шықты. Ал «Өнерпаз болсаң, арқалан!» атты сайыста 2-4 сынып оқушылары өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, «Ғылым таппай мақтанба!» байқауында латын графикасы негізінде жүргізілген диктант барысында 7-9 сынып оқушылары жақсы нәтижеге қол жеткізді. Аталмыш онкүндік оқушылар мен қатар ұстаздардың да көңілінен шықты.
Ұлы ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында мен де өз үлесімді қостым. Нақтырақ айтатын болсам, Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы ұйымдастырған «Жас ғалым-2020» Республикалық ғылыми жобалар байқауына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.К. Есетованың жетекшілігімен «Абай мұрасы – адамзат қазынасы» атты жұмысымды жолдап, жоғары дәрежелі диплом мен медальға қол жеткіздім. Бұл жұмыс жоғарыда аталған ғылыми жобалар жинағына енгізілді. Ұстазымның көмегінің арқасында және өзімнің бар шығармашылығымды салып шыңдалғанымның арқасында жеткен ең үздік жетістіктерімнің бірі деп білемін. Мен үшін ата-анам және алтын ұя мектебім қатты қуанды.
Осындай жақсы нәтижеге бізді бағыттап жатқан ұстаздарымыз да құр алақан қалған жоқ. «Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасы» ММ ұйымдастыруымен өткізілген «Абай мұрасы – адамзат қазынасы» ғылыми- практикалық конференциясында қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі пәнінің мұғалімдері өздерінің жұмыстарын ұсынды. Ұлағатты ұстаздарымның еңбектері де аталмыш жинаққа енді. Алдағы уақытта атамыздың асыл мұрасын оқып, үйренуді жалғастырамыз. Абайды оқы, замандас!
Татьяна Абдуалиева,
8 «а» сынып оқушысы
Боровской облыстық
мектеп-интернаты
Комментарии