Адалдық –ардың ісі
Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Мұны тіпті, мектеп оқушылары біздер білеміз. Басқа дамушы елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де жегі құрттай бұл кесел айналып өткен жоқ. Бұл жолдан құтылудың, адал еңбек етудің жөні қандай?
Қазіргі таңда қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр. Халық арасында жұлын құрт, індет аталып кеткен осы дертті жою толықтай жүзеге аспағанымен, оны ауыздықтаудың, тежеудің сәті кейде түсіп, кейде шарасыздықтың белең алатыны да рас. «Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз» – деген еді Елбасымыз. Сондықтан, қоғамды жегідей жеп жатқан қауіпті індетпен көп болып күресуіміз қажет. Ең алдымен, біздей жастар атсалысуы керек!
«Әділдік жоқ жерде пара белең алады», «Дүние-байлық неге керек, денсаулығың болмаса, Төрелігің неге керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақыл сөз құқық саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің де бағдары болуы қажет. Шынында да, біз әділ төрелік жасап, жемқорлықтан жоғары тұрған жағдайда ғана халық сеніміне ие боламыз. Сол себептен де, мен болашақта халыққа әділ қызмет ететін маман болуды мақсат тұтамын!
Қоғамдағы көкейтесті мәселе болып, өзек жарды проблемаға айналып отырған сыбайлас жемқорлық – ел ішіне білінбей кірген індет секілді. Баяулап, қадамын ақырын басып, анықтыққа жетелейін деді де. Ал біздің осы жауға қарсы қолданар қаруымыз – қоғам. Айналамыз таза болса, өзіміздің әсемдігіміз еріксіз байқалады. Сондықтан да қоғам қарсы болса, жай емес, тегіс қарсы болғанда ғана бұл індетті жоймақпыз. Бұл індетті жою бізге де міндет.
Ел болып еңсемізді көтеріп, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылдық, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар қабылданып, ел экономиясы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орнын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығыменен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әр түрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды. Ол жол – Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен алға қойылған сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы.
Еліміздің өркениетін дамытқысы келетін, өз ортасын құрметтейтін әрбір азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі және оның алдындағы басты парызы. Қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, етене сіңісіп келе жатқан бұл кеселдің тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосу және оған тосқауыл болу – біздің басты міндетіміз деп осы мақаламды тәмамдайын.
Гауһар ЕРТАС
Заречный орта мектебі
8 сынып оқушысы
Комментарии