Өнерлі Әдия
Әдия Жасұланқызы №24 мектеп –гимназиясының 3-ші сыныбында оқиды. Әдия балабақша кезеңінен ән айтқанды, билегенді, түрлі байқауларға қатысқанды ұнатады. Мектеп қабырғасына аяқ басқаннан кейін қалалық «Балалар шығармашылық үйіндегі» «Алтынай» би ансамблі мен «VIVO» вокалдық студиясына қатысып жүр.
С. Нұрымова жетекшілік ететін «Алтынай» үлгілі хореографиялық ансамблінде әр түрлі би үлгілерін үйренді. Қазіргі таңда ұстазы Д.Бейсовамен күнделікті жаттығып, алдағы мерекелерге дайындық үстінде. Бимен айналысу денсаулыққа, ширақтыққа, икемділікке, дене сымбатын бірқалыпты ұстауға баулиды.
- Маған хореографиямен айналысқан өте қатты ұнайды. Ал «VIVO» вокалдық студиясында музыкалық қырымды шыңдап, жетекшім Г. Ибраева көмегімен түрлі вокалдық байқауларға қатыстым. «Жұлдызды олимп» республикалық байқауында жеке орындауда Гран Приды, ал хорымыз 1 жүлделі орынды иеленді,- дейді Әдия. Сонымен қатар білім алып жатқан №24 мектеп –гимназиясының музыка пәні мұғалімі С.Ахметбекова дайындалып «Қазақстан Таланттары» халықаралық байқауында Гран Приды, «Жүрегімізде сақтаймыз» Республикалық байқауында Жеңіс күніне орай ән орындап,онда да Гран Приды жеңіп алды. Бұдан басқа да жүлделі орындар мен сертификаттары бар.
-Мені тәрбиелеп биікке шығарып жатқан ұстаздарыма мың алғыс! Алдағы уақытта әлі талай байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленуге тырысамын. Әр байқауда маған ата-анам мен ата-әжелерім, ұстаздарым қолдау білдіріп, сенімділіктерін танытады. Менің арманым осы өнерімді шыңдап, түрлі халықаралық деңгейдегі байқауларға Қазақстан елінің атынан қатысқым келеді. - дейді біздің кейіпкеріміз.
Әдия ән, би өнерінен басқа сурет салуды да ұнатады екен, түрлі шаш үлгілерін жасау мен әр үлгідегі киім үлгілерінің эскизын салуға қызығушылық танытады. Анасына түрлі тағамдар дайындауға көмектеседі, өз идеяларын да қосады. Бірақ әзір өскенде қандай мамандық иесін таңдайтыныңды білмейді. Жалпы өнерге, шығармашылыққа жақын маман иесі атанғысы келеді.
Әдия өнермен бірге оқуды да алып жүру аса маңызды екенің түсінеді. Қазіргі таңда қашықтан оқу оқып, сабақты уақытылы орындап, жауапкершілікпен қарайды. Қалалық «Зерде» зерттеу жобасына «Қой майының қасиеті» атты ғылыми жобаны қорғауға дайындалып жатыр екен. Олай болса Әдияға сәттілік тілейміз!
Әсем Айнабекқызы
Комментарии