Қашықтықтан оқимын
Бәріңе сәлем! Менің аты-жөнім Қабимолда Ділназ. Мен Нұр-Сұлтан қаласы, Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 мектептің белсенді оқушысымын.
Негізі менің туған жерім Қостанай облысы, Аманкелді ауданы. Мен ол жақта да оқыдым. Төменгі сыныпта оқып жүргенімде Астанаға көшіп кеттік.
Кейде Қостанайды қатты сағынамын. Менің атам мен әжем сол жақта тұрады. Биыл жазғы демалысымды ауылда өткізіп, сағынышымды басып келдім. Негізі менің жазғалы отырған тақырыбым қашықтықтан оқыту, яғни онлайн сабақ жайында болмақ. Осы уақытта болып жатқан індетке байланысты оқушылар сабақты онлайн жүйесінде өтетіні тағы да белгілі болды. Бұл бір жағынан оқушыларды вирустан қорғау болса, екінші жағынан біздің уақытты өте жақсы үнемдейді. Маған сонысымен де қашықтықтан оқыған ұнайды.
Көбінесе оқушылар сабақ онлайн жүйе арқылы болғандықтан, сабақты дұрыс түсіне бермейміз деп айтып жатады. Бірақ, менің ойымша сабаққа бар ынтаңмен қатыссаң, мұқият тыңдай білсең, телефонға жалтақтамай, тек компьтерге қарап мұғалімге ден қойсаң барлығын түсініп кетуге болады. Оның үстіне мұғалімдер де бізге сабақты анық әрі нақты етіп түсіндіру үшін, күндіз-түні дұрыстап дайындалады. Интернет желілері арқылы бізге видео дайындап жібереді, тақырыпқа байланысты әдемі суреттер жіберіп, солар арқылы жеңіл түсіндіреді. Мысалы, біздің мектептің мұғалімдері сабақты өте жақсы үйретеді. Мен сол үшін де ұстаздарымды мақтан тұтамын. Ол кісілердің арқасында менің қашықтықтағы оқуым ешқандай қиындық тудырмайды. Мысалға математика сабағы болып жатыр делік. Мұғалім бізге кітаптаң керек бетті суретке түсіріп жібереді. Сосын видеоға түсіре отырып, өзінің дәптеріне бірінші есепті мысал ретінде шығарады және ол есепті қалай шығарғанын, қандай әдіспен есептеуге болатынын айтып отырады. Одан кейін сол видеоны бізге, яғни оқушыларға жібереді. Осы әдістің арқасында біздің сыныптың оқушылары онлайн сабаққа жақсы қатысып отырды. Бұл өткен оқу жылының соңғы тоқсанында болған жағдай. Жаңа оқу жылында да осылай болады деп сенемін. Ұстаздарымызда қашықтықтан оқытуа үйреніп, бізге түрлі қызықты тапсырмалар мен оларды жеңіл орындайтын әдістерді дайындап қойды деп ойлаймын. Сондықтан да мен қашықтықтан оқуға дайынмын!
Ділназ ҚАБИМОЛДА
Нұр-Сұлтан қаласы
6 сынып оқушысы
Комментарии