Абайды танығың келсе – Абайды оқы!
Дата: 19.08.2025 Рубрика: Страницы истории
0
116
0

Қостанайдағы Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми кітапханада ұлы ақын, ойшыл, дана тұлға Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты ерекше ашық алаң өтті. Бұл шара 10 тамыз – Абай күні мерекесіне орай ұйымдастырылған онкүндік аясында өткізілді.
Ашық алаңның мақсаты – қазақ халқының рухани байлығы саналатын Абай шығармаларын кеңінен насихаттау, жастарды оның өнегелі өмір жолымен таныстыру, ой-санасын ояту, білімге құштарлығын арттыру. Шара еркін пікір алмасу, сұрақ-жауап және шығармашылық көріністер түрінде өтті. Бұл – оқушылар мен жастар үшін Абай әлеміне терең үңілуге таптырмас мүмкіндік болды.
Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысы бойынша өкілі Жанұзақ Аязбеков ашып, Абайдың қазақ әдебиеті мен қоғам өміріндегі маңызына тоқталды. Ол Абай шығармаларының бүгінде де өзектілігін жоғалтпағанын айтып, жастарды кітап оқуға шақырды.
Ары қарай сөз алған белгілі жазушы, ақын, аудармашы Ақылбек Шаяхмет Абайды бізге танытқан тұлғаларды атап өтіп, өзі де ақынға арнаған өлең жолдарын оқыды. Бұл сөздер оқушыларға терең ой салды.
Кездесу барысында «Оқудан қайтқан Абай» атты әдеби қойылым да сахналанды. Онда Абайдың бала күнгі өмірі, оқу мен білімге деген ынтасы, адалдық пен әділдік жайлы алғашқы ойлары әсерлі бейнеленді. Көрініс арқылы оқушылар жас Абайдың көзқарасы мен армандарын жақыннан сезінді.
«Ашық микрофон» алаңында қатысушылар Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқыды. Қызығы – бұл туындылар тек қазақ тілінде ғана емес, орыс, ағылшын және басқа да тілдерде де оқылды. Бұл – Абайдың мұрасы тек қазаққа емес, бүкіл адамзатқа ортақ екенін дәлелдей түсті. Балалар мен жастар өздері сүйіп оқитын өлеңдерін жатқа айтып, Абайға деген құрметтерін білдірді.
Айта кетейік, Абай шығармаларын әлемге таныту бағытында үлкен жұмыстар жасалған. 2020 жылы оның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның 145 өлеңі, 3 поэмасы және 45 қара сөзі әлемнің 10 тіліне аударылып, кітап болып басылып шықты. Бұл – Абайдың ойларын бүкіл дүние жүзіне жеткізудегі үлкен жетістік.
Абай мұрасын таныту шаралары онкүндікпен шектелмейді. Алдағы күндері облыс кітапханаларында әдеби кештер, викториналар, кітап көрмелері, бейнебайқаулар өтеді. Мұның бәрі балалар мен жасөспірімдер үшін таным мен тәрбиенің таптырмас көзі болмақ.
Абай – біздің рухани асқарымыз. Оның шығармалары – бізге бағыт көрсететін жарық жұлдыз секілді. Сондықтан «Өзіңді танығың келсе – Абайды оқы» деген сөздің мәні терең. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері әр оқушының жүрегінен орын тауып, ой-санасын байытарына сенім мол.
Комментарии


