Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Жас өрендер тұсауын кесті

Дата: 15.09.2026 Рубрика: Саламатты Қазақстан
12
0
Жас өрендер тұсауын кесті
Қостанайда балалар мен отбасыларға арналған жаңа заманауи аквапарк пайдалануға берілді. Алайда жаңа нысанның ашылу салтанаты тұрғындар үшін тек жаңа демалыс орнының іске қосылуымен ғана емес, білімде, спортта және өнерде биік жетістіктерге жетіп жүрген жас өрендерге көрсетілген құрметімен де ерекше есте қалды.
Жаңа нысанның керме жібін қию құрметі Қостанай облысының атын республикалық және халықаралық деңгейде танытып жүрген балаларға берілді. Олардың қатарында 13 жастағы Милана Ярмоленко, 10 жастағы Жәнібек Жұмашев, Ерлан Бақытжан, Андрей Енбахтов және Дархан Қанапин бар. 13 жастағы Милана Ярмоленко – асық атудан Қазақстанның бірнеше дүркін жүлдегері. №5 мектептің кадет сыныбында білім алатын жас спортшы ұлттық ойынды дәріптеп, жарыстарда облыс намысын абыроймен қорғап жүр. Оның жетістігі – ұлттық спортқа қызығушылық пен табандылықтың нәтижесі. Ал 10 жастағы Жәнібек Жұмашев спорттық гимнастикадан 2025 және 2026 жылдардағы Қазақстан чемпионы атанды. Жас гимнасттың әр жеңісінің артында күн сайынғы жаттығу, тәртіп пен үлкен еңбек жатыр.
Өнерлі жастардың да жетістігі көңіл қуантады. Ерлан Бақытжан халықаралық «Алтын микрофон – 2026» байқауында күміс жүлдеге ие болды. Андрей Енбахтов республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі байқаулардың жүлдегері атанып жүр. Ал Дархан Қанапин – республикалық және халықаралық музыкалық байқаулардың лауреаты. Ол Қостанай қаласы білім бөлімінің №1 балалар музыка мектебінде домбыра сыныбында білім алады.
Бір қарағанда, бұл балалардың жетістіктері әртүрлі салаға қатысты көрінуі мүмкін. Бірі – ұлттық спортты серік етсе, екіншісі – спорттық гимнастикамен айналысады, енді бірі ән айтып, музыкамен шұғылданады. Бірақ олардың бәрін біріктіретін бір қасиет бар. Ол – еңбекқорлық пен өз ісіне деген сүйіспеншілік.
Жаңа аквапарк те балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін орындардың біріне айналмақ. Бір мезетте 500 адамды қабылдай алатын кешеннің жалпы аумағы 9 мың шаршы метрден асады. Мұнда бес бассейн, жеті су сырғанағы, балалар аймағы, толқынды бассейн, джакузи және фуд-корт қарастырылған. Ұзындығы 75 метрге жететін су сырғанағы да келушілерге ерекше әсер сыйлайды.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа нысанның басты ерекшелігі – бүкіл отбасы болып демалуға мүмкіндік беретінінде екенін атап өтті. Шынында да, баланың жан-жақты дамуы тек сабақ оқумен шектелмейді. Білім мен спортты, өнер мен пайдалы демалысты қатар алып жүру жас ұрпақтың қабілетін ашуға көмектеседі.
Жас жеңімпаздарға керме жіпті қиғызудың өзіндік мәні бар. Бұл – «Ел болашағы – білімді, өнерлі, спортқа бейім жастардың қолында» деген үлкен сенімнің белгісі. Бүгін өз жетістігімен қатарластарына үлгі болып жүрген осындай балалар ертең еліміздің көк туын әлемдік ареналарда биіктететіні сөзсіз.

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!