Кітап – асыл қазына
Дата: 02.09.2025 Рубрика: Почитай-ка
0
127
0

Жаңадан түскен әрбір кітап – бала жүрегіне себелеген жарық, ізденіске жетелейтін шырақ. Науырзым аудандық балалар кітапханасына жас ұрпақтың қиялын самғатып, ой-өрісін кеңейтетін, жүрегіне мейірім себелейтін жаңа кітаптар келіп, кітапхананың сөрелері тың мазмұнмен толықты.
Бірі – ертегі әлемінің есігін айқара ашса, бірі – ғылым мен танымның алтын кілтін ұсынып тұр. Ал кейбірі туған жердің тарихын, елдік пен ерлікті паш етсе, өзгесі достық пен махаббаттың мәңгілік әуезін шертеді.
«Дала қыраны кие» кітабында Қазақстанда да, халықаралық деңгейде де қорғалатын дала қыранының қоректенуі, мінез-құлқы, ауада ұшуы, оған төнетін қауіп-қатерлер, сондай-ақ осы түрдің зерттелуі көркем әңгіме түрінде баяндалған.
«Әріптер қалашығы» атты жинақ – бүлдіршіндерге арналған ғажайып қорапша. Оның ішінде әріптерді үйретіп, көркем жазуға машықтандыратын әрі жан-жақты ойлауға жетелейтін бірнеше шағын кітаптар бар. Бұл тек әліпби ғана емес, нағыз қиял-ғажайып әлемге жолдама іспетті.
Кітапханамызға бір беттік ерекше кітаптар топтамасы да келді. Бір-ақ бетке тұтас ойды сыйғызу – ежелгі өнер. Орта ғасырдағы парсылар ұзақ әңгімелерді бір шумақпен түйіндегеніндей, мұндай жинақтар балаларды ғана емес, ересектерді де бірден баурап алады.
Балаларға арналған тағы бір маңызды туынды – «Ақылбас экология әліппесі». Ол бүлдіршіндерді экологиялық мәдениетке баулып, табиғатты аялай білуге үйретеді. Кейбір беттеріндегі суреттер табиғатқа бейқамдықтың зардабын айқын көрсетіп, кішкентай оқырмандарды ойлануға жетелейді.
Сонымен бірге, жаңа басылымдар қатарында түркі халықтарының тарихы мен тұрмысын суреттейтін «Көкбөрілер», отбасылық тәрбиеге арналған «Әділ патша» еңбегі және ел тарихын жырлаған шығармалар бар. Бұлар тек балаларға ғана емес, тұтас отбасыға ой салатын туындылар.
Жаңа кітаптар – кітапхананың сәнін ғана емес, балалардың санасын да байытатын асыл қазына. Өйткені әр кітап – қиялдың қанаты, білімнің шамшырағы. Бүгінгі бүлдіршіндер осы кітаптарды парақтай отырып, ертеңгі елдің асыл мұраттарына жетелейтін рухани күш алады.
Жанар Сәрсембаева,
Науырзым аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы
Комментарии


