Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

«Балдәурендегі» бал күндер

Дата: 30.06.2026 Рубрика: По родному краю
18
0
«Балдәурендегі» бал күндер
Аманқарағайдағы «Балдәурен» балалар сауықтыру лагері бүгінде балалардың сүйікті орнына айналған. Жаңа ғимараттар, кең алаңдар, заманауи жабдықтар балалардың шығармашылығын дамытуға және бос уақытын тиімді өткізуге үлкен мүмкіндік береді.
Ең бастысы балалардың жүзінен қуаныш көру. Олар үшін түрлі концерттер, танымдық және спорттық шаралар ұйымдастырамыз. Қолайсыз ауа райының өзінде іс-шараларды өткізуге жағдай бар.
Мұнда бұған дейін көпшілікке белгілі «Комаров» лагері жұмыс істеген болатын. Алайда төтенше жағдай кезінде өртке оранып, балалардың сүйікті демалыс орны жарамсыз күйге түсті. Бүгінде оның орнында заман талабына сай жаңа лагерь бой көтеріп, балалар игілігіне пайдалануға берілгенін бұрын да жазған болатынбыз.
Жаңа нысанның салынуына «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қолдау көрсетті. Қордың демеушілігімен салынған лагерьде балалардың толыққанды әрі жайлы демалысы үшін барлық жағдай қарастырылған. Мұнда төрт бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі: спорттық, музыкалық, туристік және экологиялық. Мұның бәрі де балалардың қабілетін шыңдап қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, табиғатты танып-­білуіне мүмкіндік береді.
Заманауи ойын алаңдары, кең спорт кешені мен биік сахнасы балалардың қызықты уақыт өткізуіне сай. Лагерь аумағында оқу залы, ойын бөлмелері, жайлы асхана, кинотеатр және демалыс орындары орналасқан. Сондай-ақ ер балалар мен қыз балаларға арналған бөлек жатын бөлмелер қарастырылған.
Лагерь бір мезетте жүз балаға дейін қабылдай алады. Ең басты ерекшелігі – мұнда балаларға телефон пайдалануға рұқсат берілмейді. Бүгінгі цифрлық дәуірде бұл ерекше шешім болып көрінгенімен, оның пайдасы мол. Балалар уақыттарын экран алдында өткізбей, табиғат аясында ойнап, спортпен шұғылданып, шығармашылықпен айналысады. Бір-бірімен жақын араласып, жаңа достар табады.
Лагерь директорының міндетін атқарушы Галия Биртаеваның айтуынша, бүгінде «Балдәурен» балалардың сапалы демалысы мен жан-жақты дамуына бағытталған заманауи сауықтыру орталығына айналған.
– Лагерь бір ауысымда 100 баланы қабылдауға қауқарлы. Биылғы алғашқы маусымда әлеуметтік топтағы балалар тегін демалып жатыр. Бұл мүмкіндік «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асып отыр. Жалпы жазғы маусымда бес ауысым ұйымдастырылады. Әр ауысым он күнге созылады және жүзге дейін бала қабылданады. Қазір мұнда 7 мен 16 жас аралығындағы балалар демалуда, – дейді ол.
Бүгінде лагерь Әулиекөл ауданына қарасты барлық ауылдардың балаларын қамтып отыр. Сонымен қатар өзге ауданнан келген демалушылар да бар. Тіптен өзге облыстардан да келеді екен. Балалардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз ету үшін мұнда білікті мамандар қызмет етеді. Педагогтар, тәрбиешілер, тәлімгерлер, музыканттар, аспаздар мен техникалық қызметкерлер әр баланың қызықты әрі мазмұнды демалыс өткізуіне атсалысып жүр.
Новоселов ауылынан келген 8-сынып оқушысы Айғаным Есімханова лагерьдегі әр күннің ерекше өтетінін айтады.
– Бұған дейін кішкентай кезімде Рудный қаласындағы лагерьде демалғанмын. Бірақ мұндағы әсер мүлде бөлек. Лагерь өмірі маған өте ұнайды. Мектепте түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар алғаным үшін осында жолдама берілді. Соған өте қуандым. Лагерьге келгенімізге үш-төрт күн болса да, көп дос тауып үлгердік. Әр күніміз қызықты әрі мазмұнды өтеді. Жетекшілер бізге қамқорлық танытып, түрлі ойындар мен іс-шаралар ұйымдастырады. Күн сайын жаңа нәрсе үйреніп, жаңа әсер аламыз. Таңымыз ертемен сергіту жаттығуынан басталады. Одан кейін әр күннің өз тақырыбына сәйкес іс-шаралар өткізіледі. Бүгін бізге түрлі ұлттардың мәдениеті мен өнерін таныстыру тапсырылды. Біздің топ қазақ халқының ұлттық биін сахналауға дайындалып жатыр. Кешке би кеші өтеді. Оны бәріміз асыға күтіп жүрміз. Маған мұндағы табиғат та ерекше ұнайды. Айнала қалың қарағай, таза ауа. Осындай әдемі жерде демалып, жаңа достар тауып жатқанымызға өте қуаныштымын, – дейді Айғаным.

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!