Ыбырай ата жолымен
Ыбырай атаның шығармаларын, еңбектерін еске алып, тәлімдік тұстарын бойларына дарыту мақсатында С.Мәуленов атындағы гимназияның 9 «Б»сынып оқушылары арасында «Білімін қараңғы елге шырақ еткен...» атты сынып сағаты өтті. Оқушылар қашықтықта болса да, ағартушының шығармаларын видеонұсқада тыңдап, өз ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, мемориалдық мұражайына 3D форматында саяхат жасады. Саяхат жасау барысында Ыбырай Алтынсарин жайлы тың деректер мен мағлұматтарды фото түрінде көріп, білімдерін қайта жаңғыртты.
Ұлт ұстазы: «Менің басты арманым – бүкіл қазақ даласындағы қазақ балаларының мәдениетті, білімді, өнерлі болса екен деп армандаймын. Иә, Алла осы күнге жеткізе гөр!» деп армандаған. Осы арманға жету жолында «Кел, балалар, оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңдерін шығарды. Сынып сағатында «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңін оқушылар бейнебаян арқылы тамашалады. Бұл өлеңдер қазақ жастарын ең алдымен оқу, өнер-білім, техниканы игеруге үндейді. Осы секілді күрделі мәселелерді жастар алдына көлденең тарту арқылы оларға ой тастап, өнер-білімді батыл игеруге шақырады. Аталған өлеңдердің идеясы, келер ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі жайлы оқушылар өз көзқарастарын ортаға салды.
«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп, қазақтың тағы бір дана ұлы Абай Құнанбаев жазғандай, Ыбырай ашқан мектеп, жазған оқу құралдары барда, біз оны өлді деп айта алмаймыз, ол халқымен бірге мәңгі жасай бермек, қала ортасындағы орталық саябақта қойылған данагөйдің алып ескерткіші осының нақты дәлелі.
А.Алматова,
С.Мәуленов атындағы гимназияның
9 «Б» сынып оқушысы
Комментарии