Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Бала арманын қанаттандырсын

Дата: 08.09.2026 Рубрика: Патриот
6
0
 Бала арманын қанаттандырсын
Қостанай қаласындағы №31 жаңа білім ордасында жаңа оқу жылы ерекше форматта басталды. Білім күніне арналған салтанатты жиын «Ыбырай қоңырауы – болашаққа аманат» тақырыбында өтті.
Биылғы оқу жылы қазақтың ұлы ағартушысы, ұстаз Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай мерекелік шараның басты символы ретінде «Ыбырай қоңырауы» сахналанды. Ұстаз бейнесіндегі кейіпкер қоңырауды мектеп директорына салтанатты түрде табыстады. «Ғасырдан жеткен қоңыраудың бүгін біздің мектебімізде сыңғырлауы – біз үшін үлкен мәртебе. Осы қоңырау «Келешек мектебінің» жаңа тарихын бастасын», – деді мектеп директоры.
Жаңа оқу жылын №31 мектепте 1341 оқушы бастады. Оның ішінде 192 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 7 бірінші сыныпқа қабылданды. Ал 36 оқушы биыл мектеп бітіреді. Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өңірдегі білім саласының жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, биыл облыста 113 мың оқушы білім алса, олардың 10,5 мыңы – бірінші сынып оқушылары. Соңғы жылдары облыста білім беру инфрақұрылымын жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы 113 нысанды жөндеуге 5,4 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, «Келешек мектептері» жобасы аясында жаңа білім ошақтары пайдалануға берілуде.
Мерекелік шара барысында мектеп түлектері, бірінші сынып оқушылары, ата-аналар мен жас мамандар өз ойларын ортаға салды. 11-сынып оқушысы Бекнұр Сейітбек болашақ мамандығы туралы әңгімеледі:
«ҰБТ-да физика-­математика бағытын таңдадым. Анам – қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Мен де анамның жолын қуып, болашақта педагог болғым келеді».
Ал ата-аналар атынан сөз алған Гаухар Жақанова жаңа мектептің мүмкіндіктеріне қуанышын білдірді.
«Біздің бала кезіміздегі мектептермен салыстырғанда, бүгінгі балаларға жасалып отырған жағдай – ерекше. “Келешек мектептері” – сапалы білімге бастайтын үлкен мүмкіндік», – деді ол.
Салтанатты жиын оқушылардың жарқын флешмобымен жалғасып, көптен күткен алғашқы қоңырау үнімен мәресіне жетті. Ыбырайдан бастау алған білім жолы бүгінгі ұрпаққа аманат болып, жаңа мектептің қоңырауы білімге ұмтылған талай баланың арманын қанаттандырсын!

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!