Отбасы басты байлығымыз
Дата: 05.11.2024 Рубрика: Патриот
0
34
0
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – халқымыздың рухани дәстүрін, отбасылық құндылықтарды ұлықтайтын ерекше бастама. Биыл облысымызда бұл байқау жаңа қырынан көрінді. Бұрын өңірлер ұсынған екі отбасының бірі жеңімпаз ретінде танылса, биыл арнайы комиссия басқаша ұстанымда болып, 9 өңірден қатысқан 11 отбасыны марапатқа ұсынды. Жеңімпаз отбасыдан басқа «дәстүрлі отбасы», «өнерлі отбасы», «қайсар отбасы», «салауатты отбасы» сияқты номинациялар белгіленді. Жеңімпаздарға берілетін сыйақылар көлемі бірнеше есе өсті. Әрине, осының барлығы қоғамымыздың негізі - отбасы құндылығын дәріптеу мақсатында жүзеге асып жатыр. Осы байқауда Қостанай ауданындатұратын өнерлі Түсіпбековтер жанұясы«Өнерлі отбасы» атанды.
Ерлі-зайыпты Ерхан мен Әсемгүл киелі Амангелді ауданында өсіп, нағыз қазақы тәрбиені бойына сіңірген, әдебиет пен мәдениетке сусап өскен жандар. Ақын да, батыр да туған бұл қасиетті өлкенің суын ішіп, ауасын жұтқан жұбайлар өнерден құр алақан емес. Өмірде де өнер жолын таңдаған. «Бізді таныстырған да, табыстырған да өнер» дейді олар.
– Еңбек жолымызды Амангелді ауданындағы Қ.Әбенов атындағы мәдениет үйінде бастадық. Сол жерде еңбек ете жүріп, шаңырақ көтердік. Тұңғышымыздың кіндік қаны қасиетті мекенде тамды. Кейін жұмыс бабымен Тобыл қаласына қоныс аудардық. Ол кезде тұңғышымыз небәрі жеті айлық болатын. Осы ауданда тұрақтағанымызға 22 жыл толыпты. Бүгінде көп балалы отбасы атанып, төрт бірдей батырды тәрбиелеп отырған жайымыз бар, – дейді Әсемгүл.
Отағасы осы ауданның мәдениет үйінде қызмет етеді. Ол кезде бұл ауданда қазақ өнері мүлде дами қоймаған еді. Екеуі қол ұстасып жүріп, сонау 2000 жылдары осы ауданнан алғаш рет қазақ ансамблін құрып, ұлт өнерін насихаттай бастады. Осыған дейін ансамбль тұрмақ, бұл өңірде домбырамен «әу» дейтін адам да болмаған. Кейін ансамбль қанатын жайып «Тобыл сазы» оркестріне айналды. Отағасы осы оркестрдің жетекшісі, дирижері және облыстық Е.Өмірзақов атындағы филармония жанынан құрылған Н.Молдахметов атындағы қазақ оркестрінің мүшесі.Қазіргі таңда ауданда ұлттық өнер тереңінен тамырын жайып келеді. Бүгінде оның жетекшілігімен ашқан «Көк бөрілер» этно-ансамблі, «Тарту» қобызшылар ансамблі көрерменнің көзайымына айналған. Сол себепті оларды «қаймағы бұзылмаған қазақ өнерінің жанашырлары» десек артық айтқандық емес.
Отағасы Ерхан Түсіпбеков еңбегі үшін талай мақтау қағазы, алғыс хаттар, дипломдармен марапатталған. Жұбайы Әсемгүл Файзуллина да 17 жыл бойы кітапханашылық қызмет атқарып келеді.Сонымен қатар Қостанай ауданының «Тобыл сазы» оркестрінің мүшесі.
– Балаларымыз да өнерден құр алақан емес. Отбасымызда ұстанатың ең басты қағида – шаңырағымызда тек қана өз ана тілімізде сөйлеп, салт-дәстүрді берік ұстану.Отбасымызда балаларымызға мейлінше ұлттық тәрбие беруге тырысамыз және осы дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады деп сенеміз. Мереке күндерінде дастархан басында қосылып, думанды әрі мағыналы өткізу біздің дәстүрімізге айналған. Балаларымызды бауырмалдыққа, кішіпейілдікке, мәдениеттілікке, білімге, өнерге баулу ата-аналық ұстанымымыз, – дейді отанасы.
Отбасының тұңғышы Мұханбетнұр әке жолын қуып, өнер жолын таңдаған. Ол негізгі мектеппен қатар музыка мектебінде білім алды. 9 сыныпты бітіргеннен соң Рудный музыкалық колледжіне «контробас» аспабы бойынша оқуға түсіп, төрт жыл білім алды.Сол аралықта контрабас аспабынан тыс фортепиано аспабын да жетік меңгеріп шыққан. Челябі қаласында өткен пионисттер сайысында жүлделі I орынды иеленді.Қазіргі таңда Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының 3-курс студенті. Республикалық, халқаралық сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Екінші балалары Олжас та өнерден құр алақан емес. Домбыра аспабы бойынша бірнеше халықаралық, республикалық, облыстық сайыстарды бағындырған. Олжас 11 сыныпты ойдағыдай аяқтап, ҰБТ-дан 121 балл жинап, мемлекеттік грант иегері атанды. Ол өзінің қалаған мамандығы «ақпараттық технологиялар» саласын таңдап, Астана IT Университетіне оқуға түсті. Жақында ол университетте дене шынықтыру сабағына тіркелуге арналған жаңа қосымша әзірлеу үшін ұйымдастырылған конкурста жеңімпаз атанып, соммасы 400 000 теңгелік сертификатқа ие болыпты.
–Ал Елжас баламыз кішкене кезінен өте алғыр бала болды. Әнге құмарлығы бір жасында байқалды. Үш жасында сахнаға шықты. Мектепте үздік оқып, 5-сыныпты Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында жалғастырды. Бастауыш сынып қабырғасында жүргенде музыка мектебінің «виолончель» аспабы бойынша білім алған. Фортепианада ойнап, футболмен айналысып, кітап оқығанды және шахмат ойнағанды ұнатады. Ол мектеп бітірген соң «Оксфорд Университетіне» оқуға түсуді өзіне мақсат етіп жүр. Біз Елжастың мақсатына сүрінбей жететініне нық сенімдіміз және оны әрқашан қолдаймыз. Кенжеміз Ибраһим да ән айтқанды, билегенді ұнатады. Сонымен қатар футболға деген қызығушылығы байқалады. Ата-ананың ең басты парызы – жақсы ұрпақ тәрбиелеп, оларға үлгі болу. Әр қазақ отбасы бар жақсы құндылықты бала бойына сіңіре білу керек деп ойлаймын, – дейді отағасы Ерхан.
Елімізді танытар ұл-қыздар осындай отбасыдан шығады. Оған жол көрсетер әкенің ақылы мен ананың мейірімі екені сөзсіз.
Комментарии