«Мен де жұлдыз боламын!»
Дата: 20.12.2022 Рубрика: Патриот
0
200
0
«Балалар жылы» аясында Науырзым ауданында «Мен де жұлдыз боламын» атты аудандық жас өнерпаздардың сайысы өтті. Сайысқа аудан мектептерінің оқушылары қатысты. Жас өнерпаздардың эстетикалық талғамын арттырып, сахнаға баулуды мақсат тұтқан байқаудың берері мол. Сонымен қатар сахнада өзін ұстауы, орындау шеберлігі, әртістік қабілеті де жоғары бағаланды. Жас жеткіншектер сайыста вокал, хореография, аспапта ойнау, көркем сөз оқу бойынша бақ сынады. Байқауға қатысуға келген жас өнерпаздар тыңғылықты дайындалып келген. Жас өрендердің қадамы қуантарлық. – Балалар мен жасөспірімдерге рухани тәрбие бере отырып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру, жас орындаушылардың орындау мәнерін жетілдіру біздің парызымыз. Балалардың арасында дарынды орындаушылар бар. Оларға жол ашып, жоғары деңгейлі жарыстарға дайындауымыз керек. Ол үшін аудандық байқаулардың берер мол, – дейді аудандық мәдениет үйінің қызметкері Қызғалдақ Дүйсенова. Әрине, әр байқаудың жүлдегері бар. Осы жолы қазылар алқасына жеңімпазды анықтау оңайға соқпаған болар, себебі барлығы да жүлдеге лайықты. Сонымен «Вокал» номинациясында кішкентайлар арасында 1 орынды Жансезім Төлеухан мен ортаңғы топта Томирис Алина жеңіп алды. Аспапта шебер ойнаған Никита Тимошенко бірінші орыннан көрінді. «Хореография» бағытында «Еркем-ай» бишілер тобы, «Көркем сөз» номинациясында 1 орынды Жансая Қайыржанова жеңді. Жеңімпаздарды аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Әміров құттықтап, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Комментарии