Кітап оқимыз
Былтыр облыстық мәдениет басқармасының ауласында "Кітап ауласының" қызметі ұйымдастырылып, онда жұмыс күндері ашық аспан астында кітап оқып, қалаған кітапты үйге ала кетуге болатындай жағдай жасалды. Ол жерде әлем классиктерімен қатар, отандық, жергілікті қаламгерлердің еңбегі қойылды. Бұл карантин шараларына байланысты кітапханалар қызметі шектеулі болған кезде туындаған идея еді. Қазір кітапханалар ашық болса да осы "Кітап ауласының" қызметін мәдениет басқармасы қайта қолға алуды көздеп, іске кірісіп кетті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды "Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқу жылы" деп жариялаған еді. Осы бастама аясында "Кітап ауласының" қызметін балалар мен жасөспірімдерге бағыттап отырмыз. Бірақ, кітап айналымында осы санатқа арналған кітаптар жоқтың қасы. Сондықтан қоғамдық ұйымдарды, кәсіпкерлерді "Кітап ауласының" сөресін балалар әдебиетімен толтыруға шақырамыз» дейді басқарма басшысы Е.Қалмақов.
Бастаманы қолдап жатқандар көп. Бұл аулада енді балалар мен жасөспірімдер көбірек жиналады деген ниетпен суретшілер мен қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылуда. Олар бір уақыт балаларға арнайы шеберлік сабақтарын өткізіп, бұдан бөлек облыстық балалар кітапханасы апта сайын түрлі танымдық шаралар да өтіп тұратын болады. Жаз мезгілінде балалардың бос уақытын тиімді, мазмұнды етіп өткізу өз қолымызда. Оған бәріміз бірге атсалысайық.
Айзия Қыдырбекқызы.
Комментарии