Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Жылы шырайлы кездесу

Дата: 29.04.2025 Рубрика: От всей души
209
0
Жылы шырайлы кездесу
Қостанай қалалық ОКЖ А.С.Пушкин атындағы қалалық балалар кітапханасында сексеннің сеңгіріне шығып жатқан әйгілі ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, ғалым, Әлем халықтары Жазушылары Одағы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қостанай қаласы мен Қостанай облысының құрметті азаматы Серікбай Оспанұлының 80 жас мерейтойына арналған «Ақын адам – ақ көңіл» атты кітапханалық журфиксі  ұйымдастырылды.
Кітапхана қызметкерлерінің кездесуді өткізудегі мақсаты – елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген мақтаныш тұтар қаламгер жерлесіміз, Серікбай Оспанұлының өнегелі өмір жолы және шығармашылығымен оқушыларды таныстыру, жас буынның кітап оқуға ынтасын ояту, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру болды.
Іс-шараның шымылдығын мемлекеттік тілде білім беретін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің аяулы ұстазы Өтепбаева Данагүл Монтайқызы Серікбай ақынның сөзіне жазылған «Айлы түнде» әнін домбырамен шебер орындап, ашып берді. 
Бала кезде арылмаушы ем күнде ойдан:
«Балдай, осы атыңды алғаш кім қойған?!
Сонша тәтті бола ма екен жер деген?!
Қант, кәмпит бар ма тыққан бір қоймаң?! – деп бала күнімде осылайша жырладым деген ақын, ер жеткенде сол тәттіліктің сыры неде жатқанын түйсіндім деп, жырыменен сыр шертті. 
Серікбай ағай әңгіменің бастауын тілге тиек еткен Балдай таудың баурайы – туған жері, өскен ортасы жайында қозғап, балалық шағынан естен кетпес қызықты сәттерімен бөлісті.
Кітапханашылар Серікбай Оспанұлының  балалар базарлығына айналған 1981 жылы «Айгүл» деген атпен республикалық «Жалын» баспасынан жарық көрген  тұңғыш жинағы мен «Жалын» баспасынан «Қайнарбұлақ», «Батыр туралы баллада», «Шашу», «Балалар әдебиеті» баспасынан «Ең жақын кім адамға?», «Қостанай» баспасынан 2022 жылы «Ахмет ата», 2023 жылы «Адамгершілік әліппесі» атты еңбектеріне тоқталып, шығармашылығы жайында баяндап, сұхбаттасты.
Серікбай ақын аталарымен арнайы кездесуге келген кітапханалық журфикстің көрермендері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп пен Ахмет Бірімжанов атындағы мектеп және Qazbilim ұлттық лицейінің оқушылары мен мұғалімдері қатысып «Балалар әдебиетіне келуіңізге қандай ықпал болды? Шығармашылық жақтан сізге бағыт-бағдар берген ұстаздарыңыз болды ма?» деген түрлі сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Ботакөз Дүйсембаева
Қостанай қалалық ОКЖ
А. С. Пушкин атындағы ҚБК 
кітапханашысы

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!