Ұлттық құндылықтар ұлықталды
Дата: 22.04.2025 Рубрика: От всей души
0
208
0

Қостанай қаласындағы №24 бастауыш мектеп-гимназиясында «Наурыз айшықтары» атты тағылымды мерекелік кеш өтті. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат тұтқан бұл шара «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Мектеп ауласында өткен кешке оқушылар, ата-аналар, ұстаздар және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ұлттық рух пен береке лебі сезілген бұл мереке ерекше әсер қалдырды. Жаңбыр жауса да, көпшілік бабалардан қалған дәстүрлерге жаңаша серпін беріп, мерекені үлкен шабытпен атап өтті.
Іс-шара аясында оқушылар қазақ халқының мәдени мұраларымен терең танысты. «Этно-ауыл» көрмесінде киіз үй, ұлттық қолөнер, тазы иттері мен жылқы, сондай-ақ кілем тоқу секілді шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. «Қазақы дастарханым» көрмесінде дәстүрлі тағамдар көпшілікке ұсынылып, ұлттық асхананың ерекшеліктері кеңінен таныстырылды.
Мерекелік кешке І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері мен Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының әртістері қатысып, сахнада ән мен күйден шашу шашты. «Наурыз көктем» әні мен «Қылықты қыздар» биі көрермендердің зор қошеметіне ие болды.
– Біртұтас тәрбие дегеніміз – балаға жан-жақты, үйлесімді тәрбие беру, отбасы мен мектеп және қоғамның ортақ міндеті. Біз бүгінгі шара арқылы ұлттық рухты жаңғыртып, оқушыларымыздың бойына мәдени мұраға деген құрмет сіңіруге тырыстық, – деді Қостанай қаласы №24 бастауыш мектеп-гимназиясының директоры Нұргүл Қасенова.
Іс-шара барысында сөз алған ата-аналар мен қонақтар да ұлттық дәстүрлерді заманауи форматта жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды. Олар мұндай тәрбиелік мәні зор кештердің ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше екенін айтты.
– Дәстүр – ұлттың тамыры. Біз оны тек сақтап қана қоймай, заманға сай бейімдей отырып ұрпаққа жеткізуіміз керек. Осындай тағылымды кештер арқылы балалар халқымыздың шынайы болмысын терең түсіне бастайды, – деді театр әртісі Мейрам Жапаров.
Шара соңында барлық қатысушылар ұлттық тағамдардан дәм татып, нағыз Наурыз мерекесінің шырайын сезінді. «Наурыз айшықтары» мерекесі ұжым мен ата-аналар тарапынан жоғары бағаланып, көптің көңілінде жарқын әсер қалдырды.
Айзере ҚЫДЫРБЕКҚЫЗЫ,
Қостанай қаласы №24 бастауыш мектеп-гимназиясының
3 «А» сынып оқушысы
Комментарии


