Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Абай – ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі

Дата: 25.08.2026 Рубрика: Наследие предков
5
0
 Абай – ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі
Абай күні – ұлы ақынның шығармашылық мұрасын ұлықтап қана қоймай, оның терең ойлары мен тағылымды сөздерін бүгінгі ұрпақ санасына қайта жаңғыртатын рухани мереке.
Осы айтулы күнге орай Л. Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы әрі композиторы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Абай – ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі» атты ашық алаң өтті. Абайдың әндері шырқалып, өлеңдері оқылды. Ал ақынның терең ойлы қарасөздері әлемнің жеті тілінде жаңғырды.
Руханият пен әдебиетті тоғыстырған тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары, жастар мен әдебиетсүйер қауым жиналды. Кездесуге облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әбілов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Өз сөзінде ол Абай мұрасының ұлттық әдебиет пен мәдениеттегі айрықша орнын атап өтті. Ұлы ақынның шығармалары қазақ халқының рухани дүниесін байытып қана қоймай, білім мен ғылымға, еңбекке, адамгершілікке ұмтылудың жарқын үлгісіне айналғанын жеткізді. Сондай-ақ Абай шығармашылығын сақтау, зерттеу және оны кейінгі буынға кеңінен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
Абайдың әдеби әлемі – уақыт пен кеңістікке бағынбайтын терең әлем. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде адам табиғаты, мінез-­құлық, білім, еңбек, ар-ұят, достық, махаббат, елдік сана секілді мәңгілік тақырыптар қозғалады. Сондықтан ақынның әрбір сөзі бүгінгі оқырман үшін де маңызын жоғалтпай, жаңа қырынан ашыла түсуде. Іс-шара барысында қатысушылар Абай күнінің тарихымен танысып, ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы жөнінде мазмұнды ақпарат алды. Әдеби кештің мәнін арттырған маңызды бөлімдердің бірі – Абайдың «Қара сөздерінен» үзінділер мен өлеңдерін оқу болды.
Кештің тағы бір әсерлі сәті – ашық микрофон алаңы болды. Оған қатысушылар Абайдың өздері сүйіп оқитын өлеңдерін жатқа айтып, ақын шығармашылығы туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Бірі ақынның терең философиялық ойларына тоқталса, енді бірі оның табиғат лирикасындағы сыршылдық пен көркемдік ерекшеліктерді сөз етті.
Абай шығармашылығының тағы бір ерекшелігі – оның поэзия мен музыканы сабақтастыра білуінде. Осы орайда шара барысында ақынның өлеңдеріне жазылған музыкалық шығармалар орындалып, әдеби кештің мазмұнын байыта түсті. Әуезді әндер Абай поэзиясының музыкалық табиғатын айқындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Абайдың шығармалары – қазақ әдебиетінің ғана емес, әлемдік руханияттың да ажырамас бөлігі. Ақынның өлеңдері мен қара сөздерінің түрлі тілдерге аударылуы оның шығармашылығының әмбебап құндылығын көрсетеді. Шара барысында қатысушылардың Абай шығармаларын әлемнің түрлі тілдерінде оқуы да ерекше қызығушылық тудырды.
Бір ақынның сөзін әр тілде тыңдау – оның ойларының ұлттық шеңберден әлдеқашан асып, адамзаттық деңгейге көтерілгенін аңғартқандай. Абайдың білім, еңбек, адамгершілік, әділет пен ізгілік туралы ойлары қай халыққа да түсінікті әрі жақын.
Қостанайдағы ашық алаң осы рухани сабақтастықтың жарқын көрінісіне айналды. Әдебиетсүйер қауым бір ортаға жиналып, Абай шығармаларын бірге оқып, ой бөлісіп, ақын әлемінің сан қырлы сырын тануға мүмкіндік алды. Кітапхана қабырғасында өткен тағылымды шара – Абай мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудің бір жолы ғана емес, әдебиеттің адам мен қоғамды байланыстыратын құдіретін көрсеткен мазмұнды кездесу болды. Абай – өткеннің ұлы тұлғасы ғана емес, бүгінмен тілдесіп, болашаққа жол сілтейтін ойшыл. Оның әрбір сөзі ұрпақ санасында жаңғырып, әр буын өз дәуірінің биігінен жаңа мағына таба алады. Сондықтан Абай әлемі – ұлт руханиятының сарқылмас қазынасы, ал оның мұрасы – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын алтын көпір.
Шетел тілдеріндегі оқылымды кітапхана жанындағы «Америкалық бұрыш» еріктілер тобы ұсынды. Бұл – Абай мұрасының тіл мен шекарадан асып, адамзатқа ортақ құндылық екенін көрсеткен ерекше бастама. Кітапхана басшысы Сәния Серікқызы ұжымның бұл бағыттағы жұмысы бір ғана шарамен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, кітапханада Абай шығармашылығын насихаттауға арналған түрлі әдеби оқулар, көрмелер мен тағылымды кездесулер тұрақты ұйымдастырылып келеді. Мұндай рухани бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!