Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Абай әлемі – жас суретшілер көзімен

Дата: 17.08.2026 Рубрика: Наследие предков
3
0
Абай әлемі – жас суретшілер көзімен
10 тамыз – Абай күніне орай Қостанай облыстық әкімдігі алаңында тағылымы мол мәдени іс-шара өтті. Ұлы ақынның рухани мұрасын дәріптеген шығармашылық шараға 100-ден астам оқушы мен студент қатысып, Абайдың портретін салды.
Абай күні – қазақ халқының ұлы ойшылы, ақыны әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының өнегелі өмірі мен өлмес мұрасын ұлықтайтын маңызды дата. Биыл да еліміздің түкпір-­түкпірінде хакім Абайдың шығармашылығын кеңінен насихаттауға бағытталған түрлі мәдени-­ағартушылық шаралар ұйымдастырылуда. Қостанайдағы мерекелік бастама да осы мақсатты көздеді. Облыстық әкімдік алаңында ұйымдастырылған ерекше шығармашылық шараға қаладағы білім беру ұйымдарының оқушылары мен студенттері белсене қатысты. Жүзден астам жас суретші бір мезетте қылқалам алып, ұлы ақынның бейнесін қағаз бетіне түсірді.
Ашық аспан астында өткен шара барысында жас өнерпаздар Абайдың портретін әртүрлі көркемдік тәсілмен бейнеледі. Бірі ақынның байсалды да ойлы жүзін көрсетуге ұмтылса, енді бірі оның парасатты болмысын өзіндік бояу, өзіндік стиль арқылы жеткізуге тырысты. Әр жұмыстан жас суретшілердің Абай тұлғасына деген өзіндік көзқарасы мен шығармашылық ізденісі аңғарылды.
Шараның маңыздылығына тоқталған аймақтық дене шынықтыру және балалар мен жасөспірімдер туризм орталығы директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Жанна Есмурзинова бұл бастаманың биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
«Бұл шара биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Абай – тарихымыздың ажырамас бөлігі, ұлтымыздың рухани темірқазығы. Абайдың портретін салу арқылы оқушылар мен студенттер өз шығармашылығын дамытып қана қоймай, тарихымызға да бір сәт көз жүгіртіп, ұлы тұлғаны тереңірек тани түседі. Бұл игі бастама өз жалғасын табады деп сенемін», – дейді Жанна Есмурзинова.
Ұлы ақынның шығармалары жас ұрпақты білімге, еңбекке, адамгершілікке, ізгілікке үндейді. Сондықтан Абай мұрасын осындай шығармашылық жұмыстар арқылы насихаттау – жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырудың тиімді жолдарының бірі.
Шараны тамашалаған қала тұрғыны Айгүл Қуанова жас суретшілердің еңбегіне тәнті болғанын жеткізді.
«Балалардың тізіліп отырып, ұлы Абайды суреттеп жатқаны қандай әдемі көрініс. Әрқайсысы ақынның бейнесін өзінше жеткізуге тырысып жатыр. Олар Абайдың кім болғанын, халқымыз үшін қандай тұлға екенін жақсы біледі деп ойлаймын. Осындай шаралардың жастарға берері мол», – дейді Айгүл Қуанова.
Абайдың «толық адам» ілімін, ғылым мен білімге шақырған өсиетін жас буынға жеткізу – бүгінгі қоғам үшін де маңызды міндет. Сондықтан Абай күнін тек еске алу немесе әдеби шаралармен шектемей, өнер, білім, шығармашылық бағыттармен сабақтастырудың мәні зор. Қостанайдағы шара осының жарқын көрінісі болды.
Жүзден астам жастың бір алаңда бас қосып, Абай бейнесін салуы – ұлы ақын мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін де өзектілігін көрсетеді. Әрбір қылқалам ізі – жас буынның Абайға деген құрметінің, қызығушылығының және өзіндік шығармашылық ізденісінің көрінісі. Абай күніне орай ұйымдастырылған ерекше бастама қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, өнер мен руханиятты тоғыстырған мазмұнды мерекеге айналды. Ал жас суретшілердің қолынан шыққан Абай портреттері ұлы ақынның өнегесі ұрпақтан-­ұрпаққа жалғасып, оның рухани мұрасы жас жүректерде жаңғыра беретінін аңғартқандай.
Айсана Бақытқали

 
 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!