Абай – бір дәуірдің емес, мәңгілік ұрпақтың шамшырағы
Дата: 12.08.2025 Рубрика: Наследие предков
0
80
0

А. С. Пушкин атындағы қалалық балалар кітапханасында қазақ халқының дара перзенті, дана ойшылы, ұлттың рухани темірқазығы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Абай – ұлы тұлға» атты тағылымы терең, мазмұны бай, көркемдік деңгейі жоғары рухани кеш өтті. Ұлттың ұлы ойшылына тағзым етіп, жас буынды оның ілім-білім мен әділет жолындағы асыл мұратына үндеген бұл кеш – кітапхана мен оқырман арасындағы рухани байланыстың жарқын үлгісіне айналды.
Бұл кеш – жай ғана мәдени іс-шара емес. Ол – өткен мен бүгінді, даналық пен парасатты жалғаған, ұрпақты рухани биікке жетелеген көркем кеңістікке айналды. Сахна шымылдығы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының желісімен қойылған «Даналықтың дәні» атты сахналық қойылыммен ашылып, көрерменді бала Абайдың тұнық әлеміне жетеледі. Кітапқа құштар кішкентай Ибраһимнің алғырлығы, Зере әженің мейірімі мен Ұлжан ананың жүрекжарды сөзі, Құнанбайдың байсалды бейнесі арқылы бір дәуір, бір болмыс, бір рух қайта жаңғырғандай әсер қалдырды. Абайдың рөлін сомдаған №15 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Арманбек МұхамедАли жас болса да, терең бейнені шынайы жеткізіп, көрерменді балалық пен даналықтың тоғысқан тұсына алып барды. Зере әже – Рахимжанова Гүлмира Бейсенбекқызы, Ұлжан ана – Бағланқызы Диляра, Құнанбай әке – Ботабаева Гүлнұр Асқарбекқызы, Ұстаз молда – Өмірзақ Ерасыл сынды рөлдерді сомдаған кейіпкерлер сахна төрінде көркем бейнеге айналып, шынайы мінезбен көрермен көңілінен орын алды.
Сахнадағы әсерлі көріністермен қатар, кітапхана ұжымы оқырман қауымға арнап «Абай – ақын, ойшыл, ағартушы» атты мазмұнды кітап көрмесін ұсынды. Бұл рухани бұрышта хәкім Абайдың шығармалары, қара сөздері, замандастары мен Абайтанушылардың зерттеу еңбектері жинақталып, көрермендер назарына ұсынылды. Көрме – ақын мұрасының тереңдігін тануға жол ашып, кеш мазмұнын байыта түсті.
Жиынның келесі бір әсерлі үзігінде көрермен назарына «Абай әлемі: Тұлға. Тағылым» атты бейнебаян ұсынылды. Бұл қысқаметражды көркем дүние көрермен көңілін тербеп, хәкімнің рухани биігіне тағы бір қадам жақындата түсті.
Ал №2 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботабаева Гүлнұр Асқарбекқызы сахна төріне шығып, Абай өмірінің өнегелі кезеңдерінен сыр шертіп, оның ақын ғана емес, ел тағдырын жүрекпен сезінген ұлт жанашыры, көреген ойшыл болғанын тебірене жеткізді. Танымдық кештің бір белесінде Арманбек МұхамедАлидің орындауындағы күй тыңдаушыны сырлы сазбен тербесе, сахна төріне шығып ақынның «Сенбе жұртқа», «Ғылым таппай мақтанба», «Жүрек – теңіз» сынды өлеңдерін тебірене оқыған оқушылар көрерменнің жан дүниесін нұрландырып, рухани ойдың тереңінен маржан тартқандай әсер қалдырды.
Кеш соңында өз өнерімен дараланған қатысушылар арнайы марапатталып, тағылымды кештің соңғы үні «Желсіз түнде жарық ай» әнімен қорытындыланды. Әуезді ән кешке жиналған жұртшылықты бір арнаға тоғыстырып, ұлы ақынның рухына деген тағзымды әсем үнмен өрнектеді. Абай – бір дәуірдің ғана емес, мәңгілік ұрпақтың шамшырағы. Оның жолы – ұлттың жолы, жыры – жүректің үні. Ал осындай кештер – сол ұлы жолға тағзым етудің көркем өрнегі, болашаққа бағдар болар рухани сабақ болып қала бермек.
Ботакөз Дүйсембаева
А. С. Пушкин
атындағы ҚБК
кітапханашысы
Комментарии


