Мәңгілік елдің жетістігі
Әр ата-ананың бала тәрбиесінде өзінің белгілі бір заңдылықтары, қағидалары, шектеулері керісінше, еркіндік формалары бар. Барлық отбасында бірдей қабылданған, бәрімізге ортақ, өзгермейтін қағидалар бар. Бұл — үлкенді құрметтеу, ата-ананы сыйлау, өзгелерге мейірімді болу, адамгершілік құндылықтарды насихаттау, баланы өз отанын сүюге, жақсы маман иесі болуға, дінін, салт-дәстүрін ұмытпауға, құрметтеуге үгіттейтін қағидалар. Осы ретте сынып жетекшілік атқарып жүрген сыныбымда «Өз құқығыңды білесің бе?», «Салт-дәстүрдің озығы мен тозығы», «Адалдық және парасаттылық» атты сынып сағаттары өткізілді. Бұл сынып сағаттарының басты мақсаты оқушылардың бойынан адалдық пен әділдік, шынайылық құндылықтарын арттыру болып табылды. Яғни, әр бала өзі шешім қабылдап, жауапкершілікті сезініп өсуі керек деген пікірдемін.
Ер баланың тәрбиесін әкесі не үлкен ағалары жауапкершілікке алса, қыз баланың әдепті, иманды, ибалы болып өсуін анасы мен әжесі немесе әпкелері қадағалаған. Сонымен қатар мектепте ұлдар мен қыздарға арнап өткізілетін іс-шаралары да әрі қарай дамуына көмектеседі. Атап айтатын болсам менің сыныбымда өткізген «Иманды ұл, ибалы қыз» және «Саналы ұрпақ - жарқын болашақ» сынып сағаттарының мақсаты өскелең ұрпаққа болашаққа бағдар беретін білімді, саналы, еліне адал қызмет ететін, патриоттық сезімі жоғары, болашақта мамандықты адаспай табатын тұлға тәрбиелеу болып табылды. Бұл сынып сағаттарын өткізу барысында оқушылардың бойынан әсіресе ер балалардан нағыз ер азамат бола алатынын, елін қорғап, адал қызмет ету үшін барын салатынын пікір-таластарынан байқадым. Қазіргі заманға сай ұрпақты тәрбиелеу үшін кез келген ортада өз ойын ашық, еркін толық жеткізе білу керек. Осының барысында сыныпта өткен дөңгелек үстелдерде өз ойларын толық жеткізуге мүмкіндік беремін.
Осы жыл бойы өткізілетін сынып сағаттарынан ұл-қыздарымыздың бойынан әдепті, тәртіпті, ақылды болып, жамандықты жақсылыққа ұштастыра алатын, адамгершілігі мол, еліміздің иманды да инабатты бола алатын толық тұлға болып қалыптасуына бағыт-бағдар көрсетіп келемін.
«Не ексең, соны орасың» дегендей, отбасы, ошақ қасында бала қандай тәрбие көрсе, оның алдағы өмірі сондай болады. Қазіргі мектеп оқушыларының тәрбиесін «Үштік одақ» біріге отырып тығыз қарым-қатынаста болса әр ұрпақтың болашақта бәсекеге қабілетті елінің қалаулысы боларына сенімдімін!
Айтолқын Нұрғожина,
№28 Құсмұрын орта мектебінің
тарих пәнінің мұғалімі
Комментарии