Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Өнер биігінде – «Алтынай»

Дата: 27.05.2025 Рубрика: Круто!
226
0
Өнер биігінде –  «Алтынай»
Би – олардың тілі, сахна – өмірі. 24 жыл бойы өнер биігін бағындырып келе жатқан «Алтынай» халықтық үлгідегі би ансамблі бүгінде 200-ден астам қызды қанаттандырып, Қостанай мәдениетінің жарқын беттерін жазып келеді.
Қалалық және халықаралық сахналарда өнер көрсетіп жүрген ұжым жақында есеп беру концертінде тағы бір шығармашылық белесті бағындырды. Көркем қимыл, үйлесімді ырғақ пен сахна сәні – бәрі бір арнада тоғысқан кеш Қостанай көрерменіне ерекше әсер сыйлады. 
Шараға ансамбльдің кішкентай бүлдіршіндерінен бастап, халықаралық байқауларда топ жарған бишілерге дейін қатысты. Балдырғандардан бойжеткендерге дейінгі барлық буын сахна төріне шығып, қазақ халқының ұлттық биі мен әлем халықтарының билерін тамаша үйлестіре көрсетті.
«Илигай», «Қос Тана», «Қарлығаш», «Сәнді қыздар», «Аққу арай», «Цыганский», «Томирис», «Бұлақ толқыны», «Думан той» сынды түрлі бағыттағы қойылымдар көрермен ықыласына ие болды. Әр би – мазмұнымен де, көркемдік мәнерімен де, орындаушылық шеберлігімен де есте қалды.
Концерт барысында ансамбльдің түлектері де сахна төріне шығып, көпшілікті тәнті етті. Бірнеше жыл бойы ансамбль құрамында өнер көрсетіп, би шеберлігін жетілдірген қыздар қошеметпен марапатталды. Бұл – ансамбльдің үздік дәстүрінің, жүйелі тәрбиесінің бір айғағы. Толқулы сәт. 
Биыл ансамбльді жеті түлек аяқтады. Соның бірі – бірінші сыныптан бері ансамбльде тәрбиеленген Ализа Амитова. Ол – халықаралық және республикалық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы. Биыл С.Мәуленов атындағы гимназияны тәмамдап, Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының хореография мамандығына құжат тапсырмақ.
– Қызым бала кезінен биге құмар болды. Бірінші сыныпта «Алтынайға» қабылданды. Он бір жыл бойы еңбектенді, талмай үйренді. Бүгінде өзінің би қойылымдарын да дайындап, жас топтарға жетекшілік етіп жүр. Болашағын осы өнермен байланыстыру – оның саналы таңдауы, – дейді анасы Камшат Әмірова.
 «Алтынай» халықтық үлгідегі би ансамблінің көркемдік жетекшісі – Салтанат Нұрымова. Ол ұжым құрылған алғашқы күннен бастап шығармашылық дамуға бар күшін жұмсап келеді. Ансамбль алғашында небәрі 15 бала ғана болса, бүгінде 200-ден астам бишіні тәрбиелеп отырған ірі шығармашылық ұжымға айналды.
Салтанат Нұрымованың жетекшілігімен ансамбль Сочи қаласында өткен «Volnafest», «Танцевальная волна» халықаралық байқауларында, «Күн шуағы», «Тәңір күбірі», «Звездный танец» сынды республикалық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетті. Биылғы жылы ұжым Грузияның Батуми қаласынан да жүлдемен оралды.
Ансамбльдің репертуарында бүгінде жүзден астам би мен би қойылымы бар. Олардың қатарында қазақтың ұлттық нақышындағы «Үкілі домбыра», «Жайдарман», «Қарлығаш», сондай-ақ этностильдегі «Армян биі», «Аққу арай», «Тундра», «Осетинская хонга», «Хорезм» сынды билер бар.
Сонымен қатар, ансамбль қала және облыс көлеміндегі барлық мәдени іс-шараларға белсене қатысып келеді. Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік кеште «Әлия» биімен сахнаға шыққан қыздардың өнері көрермен көңілінен шықты.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Салтанат Нұрымова бүгінде өз ісінің майталманына айналды. Ол шәкірттерінің әр жетістігіне қуана отырып, би өнерін кеңінен насихаттап келеді.
– Алғашқы жылдары 15 бала ғана болса, бүгінде екі жүзден астам қыз тәрбиеленіп жатыр. Репертуарымыз жыл сайын жаңарып, көркемдік деңгейіміз де артып келеді. Алдымызда жаңа байқаулар мен тың қойылымдар тұр, – дейді Салтанат Нұрымова.
Кеш соңында көрермендер орнынан тік тұрып, жас өнерпаздарға ұзақ қол соғып, алғысын білдірді. Бұл – «Алтынай» халықтық үлгідегі би ансамблінің Қостанай мәдениетінің төрінен лайықты орын алғанының жарқын дәлелі.
Айзия Қыдырбекқызы,
оқушы

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!