Дата: 01.07.2025 Рубрика: Круто!
0
161
0

Жаз – тек демалыс пен күн шуақтың мезгілі емес, достармен қызықты уақыт өткізуге таптырмас кезең. Биылғы жазғы демалысымды мен Қостанай қаласы №24 бастауыш мектеп-гимназиясы жанынан ашылған «Қуырмаш» жазғы лагерінде өткіздім. Мен үшін үш апта ұмытылмас естеліктерге, шаттыққа және жаңа достарға толы күндер болды.
Біздің лагерь «Достық» деп аталатын топтармен жұмыс істеді. Жалпы мектеп бойынша жүзге жуық бала қатысты, ал біздің топта 25 бала. Әр күніміз ерекше, әр күніміз қызыққа толы өтті. Біз тек ойнап қана қоймай, түрлі мәдени, танымдық шараларға қатыстық.
Біз кинотеатрға бардық, қазақ драма театрында «Бұртима» қойылымын тамашаладық. Лагуна бассейніне барып шомылдық, «Қарақшылар» атты квест ойындарында шапшаңдық пен тапқырлығымызды сынадық. Психологиялық тренингтерде бір-бірімізді жақын танып, достықты тереңірек түсіндік.
Сондай-ақ, Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық кітапханаға барып, шет тілдерін үйренуге арналған сыныптармен таныстық. IQostanay үйірмелер орталығында шығармашылықпен айналыстық. Ал «Бауырсақ fest» күнінде қазақтың ұлттық тағамын бірге әзірлеп, нағыз мерекелік көңіл күйде болдық.
Маған лагерь өте ұнады! Әр күніміз түрлі қызықты ойындар мен әсерлі сәттерге толы болды. Таңертең мектепке асығып келіп, кешке дейін шаттанып ойнаған кездерімді ұмытпаймын. Бұл лагерь маған жаңа достар мен жарқын естеліктер сыйлады.
Келесі жазда да осындай лагерьге қатысқым келеді. Себебі «Қуырмаш» – менің сүйікті жазғы естелігіме айналды.
Айзере ҚЫДЫРБЕКҚЫЗЫ,
Қостанай қаласы №24 бастауыш
Комментарии


