Абай өлеңдерінде терең мағына бар
Дата: 15.07.2025 Рубрика: Край родной
0
222
0

Рудный қаласындағы №7 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Айсара Өткелбаева республикалық «Абай оқулары» байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, Құрмет грамотасына ие болды.
Биылғы Абай оқулары Семей қаласында, яғни Абай атамыздың туған жерінде ұйымдастырылды. Ең қызығы – байқау алғаш рет халықаралық деңгейде өтті! Яғни, көрші елдерден де жас дарындар келіп, Абай өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқыды.
Айсара – бала кезінен Абай шығармашылығына қызығып, ұлы ақынның өлеңдерін жаттап өскен талапты оқушы. Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ түрлі шығармашылық байқауларға қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанған.
– Абай өлеңдерінде терең мағына бар. Әр сөзінен тәлім, тәрбие аламын. Бұл байқауға ұзақ дайындалдым. Сахнаға шыққанда Абай атамыздың рухын сезінгендей болдым, – дейді Айсара.
Ол бұл сайыста Абайдың бірнеше өлеңін, сондай-ақ қара сөзінен үзінді жатқа оқыды. Оның көркем мәнері, дауысы мен терең түсінігі әділқазылардың жүрегіне жол тапты.
«Менің пірім – Сүйінбай» деген Мұқағалиша айтқанда, Айсараның пірі – Абай. Бұл байқау тек жаттау емес, Абайды түсіну, оның ойына терең бойлау, қазақ әдебиеті мен руханиятына жақындай түсу байқауы.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 8-11 сынып оқушылары қатысып, Абай әлемімен танысып, өз білімін, өнерін көрсетті. Әр қатысушы – болашақтың жарқын тұлғасы, қазақ тілінің жанашыры!
Айсарамен бірге Қостанай облысының өзге де оқушылары жүлделі орындарға ие болды. Бұл – ұстаздар мен оқушылардың еңбегінің нәтижесі. Айсараның жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, өз ісінің майталманы.
Осындай өнерлі, білімге құштар оқушылар арқылы еліміздің болашағы жарқын болмақ. Айсара – табандылықтың, еңбекқорлықтың және рухани байлыққа деген сүйіспеншіліктің жарқын мысалы.
Аида ЯЛОВЕНКО
Рудный қаласы
Комментарии


