Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

«Kostanay Book Fair» оқырманды қуантты

Дата: 01.09.2026 Рубрика: Изба-читальня
7
0
«Kostanay Book Fair» оқырманды қуантты
Қостанай қаласында кітап сүйер қауым үшін ерекше мереке өтті. А.Байтұрсынұлы көшесіндегі алаңда «Kostanay Book Fair» кітап көрме-­жәрмеңкесі ұйымдастырылып, екі күн бойы қала тұрғындары мен қонақтарын кітап әлеміне саяхаттауға шақырды. Ол жерде біздің жас оқырмандар да болып, қажетті кітаптарын алды.
Ахаң ескерткішінің маңына қаз-қатар тігілген шатырлар алыстан көзге түседі. Әр шатырдың ішінде түрлі-­түсті мұқабалы кітаптар сөрелерге сән беріп тұр. Ертегілер мен балалар әдебиеті, шытырман оқиғалы шығармалар, тарихи және танымдық кітаптар, ақын-жазушылардың туындылары – қысқасы, кітап іздеген әр оқырман өзіне ұнайтын дүниені таба алды. Жәрмеңкеге елімізге белгілі баспалар қатысты. Астанадан «Фолиант», Қарағандыдан «Qasymkitap», Қостанайдан «Издательский дом», «А.Байтұрсынұлы кітап үйі» және «Қарлығаш» баспалары өз өнімдерін ұсынды. Кітаптар қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген. Мерекеге орай басылымдардың бағасына жеңілдіктер де жасалды.
Жәрмеңкенің ресми ашылу салтанатына облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әбілов қатысып, оқырмандарға жылы лебізін білдірді. Шара барысында Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қарлығаш Мадиярова да сөз сөйлеп, жәрмеңкеге жыл сайын қатысып, кітап мәдениетін насихаттауға үлес қосып жүрген баспаларға қала әкімі Марат Жүндібаевтың Алғыс хаттарын табыстады. Марапатталғандардың қатарында «Qasymkitap» баспасының өкілі Құрбанбай Оразалыұлы да болды. Ол жиналғандарды Қостанай қаласының 147 жылдығы және облыстың 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, кітаптың адам өміріндегі маңызына тоқталды.
– Қостанай даласы – қазақтың ұлттық интеллигенциясы шыққан қасиетті мекен. Осындай құнарлы топыраққа табанымыз тиіп, айтулы күні сіздермен қауышып отырғанымызға қуаныштымыз. Адамзат тарихында тәрбиенің бастауына айналған басты құралдың бірі – кітап. Сондықтан баршаңызды кітаппен жақын болуға шақырамын! – деді ол.
Астанадан арнайы келген «Фолиант» баспасының маманы Нұрсұлтан Сәбитбек те жәрмеңкенің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, кітапты көпшілікке жақындататын мұндай шаралар оқырман санын арттыруға үлкен мүмкіндік береді.
– Осынау ауқымды іс-шарада кітапты насихаттауға бір бұрыш арнап бергендеріңізге рақмет! Біз үшін бұл – үлкен құрмет. Кезінде Ыбырай Алтынсарин «Кел, балалар, оқылық!» деп жас ұрпақты білімге шақырды. Ал біз бүгін «Кел, адамдар, оқылық!» деп сіздер үшін арнайы Астанадан кітаптарымызды алып келдік, – деді ол.
Жәрмеңкеде кітаптан бөлек, жақсы сөз бен өлең де көп айтылды. Белгілі ақын, жазушы, драматург, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақылбек Шаяхмет оқырмандарға жүрекжарды тілегін өлең жолдарымен жеткізді. Айта кетерлігі, биыл «Фолиант» баспасынан қаламгердің 14 томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Кітап жәрмеңкесінің тағы бір ерекшелігі – оқырман мен қаламгердің тікелей жүздесуіне мүмкіндік жасалуы. Жас оқырмандар өздері сүйіп оқитын авторларымен кездесіп, сұрақ қойып, кітаптарына қолтаңба алуға мүмкіндік алды. Мұндай кездесулер баланың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, әдебиет әлеміне жақындай түсуіне ықпал етеді.
Әсіресе балалар үшін кітаптың орны ерекше. Кітап оқыған бала жаңа сөздер үйренеді, қиялы дамиды, ойлау қабілеті артады. Ертегі оқыған кезде қиял әлеміне саяхат жасаса, тарихи шығарма арқылы өткенді танып, танымдық кітаптардан қоршаған әлемнің сырын біледі. Сондықтан жақсы кітап – баланың әрі ақылды кеңесшісі, әрі сенімді досы.
«Kostanay Book Fair» осыны тағы бір мәрте дәлелдеді. Кітап сөрелерін аралаған балалардың қолына бір кітап алып, парақтап тұрғанын, ата-аналарымен бірге өздеріне ұнаған шығармаларды таңдап жүргенін көруге болады. Бірі сүйікті кейіпкері бейнеленген кітап іздесе, енді бірі жаңа білім беретін танымдық шығармаларға қызығушылық танытты. Жәрмеңке барысында кітап тұсаукесерлері, шығармашылық кездесулер, көрмелер және басқа да мәдени-­танымдық шаралар ұйымдастырылды. Осылайша екі күндік кітап мерекесі оқырмандар үшін мазмұнды әрі қызықты өтті.

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!