Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Кітап – қиялдың қанаты

Дата: 25.08.2026 Рубрика: Изба-читальня
4
0
Кітап – қиялдың қанаты
«Кітап оқитын бала – қиялы ұшқыр, ойы терең, болашағы жарқын тұлға». Бұл – ақын, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі Абылай Маудановтың берік ұстанымы. Баланың кітапқа деген сүйіспеншілігі қайдан басталады?
Оқуға қызықтырудың ең тиімді жолы қандай? Қазіргі балаларға қандай кітаптар ұсынған жөн? Осы сауалдардың жауабын білу үшін белгілі ақынмен арнайы сұхбаттасқан едік.
– Абылай аға, бала күніңізде ең алғаш оқыған кітабыңыз есіңізде ме? Ол сізге қандай әсер қалдырды?
– Біз ең алғаш кітапты көзбен емес, құлақпен тыңдап өстік. Оған себепкер болған – әжеміз. Ол кісі қазақтың ертегілерін, аңыз-әңгімелерін, батырлар жырын жатқа айтып беретін. Сол әңгімелерді тыңдап отырып, қиялымыз ұшталды, кітапқа деген қызығушылығымыз оянды. Кейін әріп таныған соң өзім «Алпамыс батырды» оқи бастадым. Үйімізде балаларға арналған кітаптар өте көп болатын. Әсіресе «Мюнхгаузеннің хикаяларын» сүйіп оқыдым. Бала болған соң оның бастан кешкен оқиғаларының бәріне сенетінмін. Әжем маған «Алпамыс батырды», кейін Нұрхан ақынның дастандарын дауыстап оқытатын. Өзі аса сауатты болмаса да, мен бір жерін қате оқысам, бірден байқап қоятын. Балалық шағымнан есімде ерекше қалған кітап – үлкен қызыл түсті «Батырлар жыры» жинағы, әлем халықтарының ертегілері деген үш томдық болды. Ондағы «Құла мерген», «Жоя мерген», «Қара дөң батыр», «Қырымның қырық батыры» секілді жырларды оқып өстік. Ал бастауыш сыныпта жүріп-ақ әпкелерімнің оқулықтарындағы «Керқұла атты Кендебай» сияқты ертегілерді де қызығып оқитынмын. Шынын айтсам, кітапқа деген махаббатты бойымызға сіңірген – қазақтың халық ертегілері мен батырлар жыры, аңыз әңгімелері.
– Сіздің ойыңызша, балалар не үшін кітап оқуы керек? Кітап адамға не береді?
– Кітап оқу – адамның ақыл-ойын шыңдайтын ең үлкен мектеп. Кітап оқыған сайын адамның дүниетанымы кеңейеді. Ол өмірге басқаша қарай бастайды. Сөздік қоры көбейеді, ойын анық әрі әсерлі жеткізуді үйренеді. Сонымен қатар кітап есте сақтау қабілетін дамытады, зейінді арттырады, ойлануға, салыстыруға, сараптауға үйретеді. Ең бастысы – кітаптан алған білім ешқашан жоғалмайды. Ол өмір бойы адамның жанында жүретін ең қымбат байлық.
– Ақындық жолды таңдауыңызға кітаптың әсері болды ма? Сізге ерекше шабыт берген ақын-жазушылар кімдер?
– Әрине, әсері өте үлкен болды. Бала күнімнен дастандарды, ертегілерді, өлеңдерді жаттап өскен соң сөз құрау, ойды жеткізу маған қиын болған емес. Егер бала кезде кітап оқымағанымда, бойымдағы қабілет толық ашылмас еді деп ойлаймын. Көп адам талантты болғанымен, сөздік қорының аздығынан ойын жеткізе алмай жатады. Сондықтан кітап – қабілетті дамытатын ең үлкен құрал. Маған көптеген ақын-жазушылар әсер етті. Бірақ қолыма қалам алуға ең қатты ықпал еткен ақын Төлен Әбдіктің «Өлара» кітабындағы өлеңдері. Оның өлеңдерін оқыған сайын «мен де өлең жазып көрсем екен» деген ой келетін. Сол сезім мені ақындық жолға жетеледі.
– Қазіргі балаларға міндетті түрде оқуға кеңес беретін кітаптарыңыз қандай?
– Мына кітапты міндетті түрде оқуың керек» деген қатып қалған қағида жоқ. Әр баланың қызығушылығы әртүрлі. Дегенмен мен балаларға ең алдымен қазақтың халық ертегілерін оқуға кеңес берер едім. Себебі онда халқымыздың даналығы, тәрбиесі, ұлттық рухы жатыр. Одан кейін «Робинзон Крузо» сияқты өмірге бейімдейтін, еңбекқорлыққа, ізденіске үйрететін шығармаларды оқыған пайдалы. Кейбіреулер бірден «Абай жолын» оқыту керек дейді. Бірақ әр шығарманың өз уақыты болады. Бала түсінбейтін кітапты күштеп оқытудың қажеті жоқ. Ең маңыздысы – оның кітапқа деген қызығушылығын жоғалтып алмау.
 – Балаларды кітап оқуға қалай қызықтыруға болады? Күніне қанша уақыт кітап оқыған дұрыс?
– Ең бірінші шарт – баланың жасына лайық, қызықты кітап таңдау. Бірде бір ата-ана маған: «Балама «Абай жолын» алып бердім, оқымайды», – деді. Мен оған: «Одан да «Мюнхгаузеннің хикаяларын» алып беріңіз», деп кеңес бердім. Екі күннен кейін әлгі кісі қуанып келіп: «Балам кітаптан бас алмай отыр», деді. Міне, мәселе кітапта емес, дұрыс таңдауда. Кейін бала өзі қызығып оқи бастағанда ғана күрделі шығармаларға көшуге болады. Ал кітап оқу уақытын мен ешқашан «күніне 10 минут» немесе «20 минут» деп шектемеймін. Егер бала кітапқа қызықса, оны тоқтатудың қажеті жоқ. Шөлдеген адам су ішкендей, кітапты да қанып оқуы керек. Бала күніне 2-3 сағат кітап оқыса, оның ешқандай зияны жоқ. Керісінше, пайдасы өте көп.
– Кейбір ата-аналар «кітап көп оқысаң, көзің бұзылады» дейді. Бұл пікірге не айтар едіңіз?
– Бұл – жаңсақ пікір. Көзге көбірек зиян келтіретін – телефон, планшет, теледидар. Ал кітаптың зияны жоқ. Өзім бала күнімде электр жарығы жоқ кезде майшамның жарығымен кітап оқыдым. Көп оқыдым. Бірақ бүгінге дейін көзілдірік таққан емеспін. Сондықтан ата-аналар кітаптан қорықпауы керек. Қорқатын нәрсе – баланың кітаптан алыстап, бар уақытын телефонға жұмсауы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Айсана Асқар
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!