Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Өлкенің сөз зергерлері ұлықталған рухани кеш

Дата: 10.03.2026 Рубрика: Изба-читальня
5
0
Өлкенің сөз зергерлері ұлықталған рухани кеш
Рудный қаласындағы мемлекеттік тілдегі кітапхана шаңырағында руханият пен әдебиеттің шамын жаққан «Өлкенің сөз зергер-­қаламгері» атты әдеби-­сазды кеш өтті. Қостанай өңірінің қалам тербеген майталмандары мен өскелең ұрпақты тоғыстырған тағылымды шара туған өлкенің тарихы мен әдебиетіне көрсетілген ерекше құрметтің айқын көрінісі болды.
Кешке №8 жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушылары мен ұстаздары, сондай-ақ «Кездесу» клубының мүшелері – белгілі қаламгерлер Жаңбыршы Тұқатұлы, Сүндет Убайтұлы, Мүслима Нұрғалиқызы және Күлаш апай қатысты.
Салтанатты кеш төрт бөлімнен құралып, әрқайсысы өзіндік мазмұнымен ерекшеленді. Алғашқы «Құтты мекен, кіндік қан тамған жер» бөлімінде туған жерге деген сүйіспеншілік кеңінен дәріптелді. Қостанай өңірінің мақтаныштары таныстырылып, ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаларға, соның ішінде Конституцияға енгізілген өзгерістерге тоқталып, құқықтық сауаттылық пен жаңа кезеңнің бағыт-­бағдары сөз болды. Қаламгерлер өздерінің жүрекжарды жырларын оқып, поэзия әлемінің тереңіне жетеледі.
«Сөз – тағдыр, қалам – мұрат» бөлімінде сөз құдіреті айрықша сезілді. Оқушылар өлке ақындарының шығармаларын мәнерлеп оқып, әдебиетке деген құрметтерін көрсетті. Кештің көркін ән әрледі. Шамшия Қайыркенова Қасымқайыр Қазыбайұлының сөзіне жазылған «Рудный» және Жаңбыршы Тұқатұлының сөзіне жазылған «Жан жарым» әндерін шырқап, көрермен көңілін толқытты.
«Жүректен жүрекке» бөлімінде қаламгерлердің замандастары ақ тілектерін білдірсе, «Ашық микрофон» айдары оқушыларға еркін ой айту мүмкіндігін сыйлады. Балалардың мазмұнды сауалдары қаламгерлерді де ойландырып, шығармашылықтың ішкі құпиялары туралы әсерлі әңгіме өрбіді. Әсіресе, «Жазу үстеліне отырғанда ең қиыны не – бастау ма, әлде соңғы нүктені қою ма?» деген сұрақ кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Кеш соңында кітапхана меңгерушісі Гүлбараш Құттықожақызы сөз алып, қонақтарға алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар Дүйсенбайтегі Қасымқайыр Қазыбайұлының «Қош бол, өмір» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтіп, көрмеге қойылған өзге де туындыларға шолу жасалды.
Ардақты қаламгерлер өскелең ұрпаққа ақ батасын беріп, шығармашылық ізденістен танбауға шақырды. Бұл рухани кездесу оқушылардың санасына отансүйгіштік дәнін сеуіп, туған өлкенің әдебиетіне деген қызығушылығын арттырған мазмұнды шара ретінде есте қалды.
Айнагүл Шаймерденова, Рудный  мемлекеттік тілдегі кітапхананың кітапханашысы

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!