Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Оқитын бала – ойлы бала

Дата: 11.11.2025 Рубрика: Изба-читальня
46
0
Оқитын бала – ойлы бала
Кітапхана – білім мен руханияттың алтын қазығы, мәдениеттің басты ошағы. Уақыт өзгерсе де, кітапхана өз маңызын жоғалтқан емес.
Бүгінде Науырзым ауданындағы кітапхана жүйесі тұрғындарға рухани азық беріп, оқырман мәдениетін қалыптастыруда ерекше рөл атқарып отыр. Біз аудандық кітапхана жүйесінің жұмысымен, оның қазіргі жағдайы мен даму бағыттарымен жақынырақ танысу мақсатында Науырзым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры ­Бийнегүл ­Тасқынбевамен сұхбаттасқан едік.
– Кітапхана жұмысы туралы айта кетсеңіз?
– Науырзым ауданының кітапхана жүйесінде 10 кітапхана бар: аудандық орталық кітапхана, аудандық балалар кітапханасы және 8 ауылдық филиал. Бәрі де белсенді жұмыс істейді. 1965 жылы жаңа Наурызым ауданы құрылып, сол жылы аудандық орталық және аудандық балалар кітапханалары да ашылған.Науырзым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітап қоры180111 дана кітап, мемлекеттік тілдегі кітап саны 89120 дана кітап.
Кітап қорларын толыққанды толықтыру Науырзым ОКЖ кітапханаларының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Әдебиеттерді сатып алу мемлекеттік тапсырыс бойынша, порталға шығу жолымен, жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген сайын жүзеге асырылады.Жыл сайын аудан бюджетінен кітап қорын толықтыру үшін жыл сайын ақша бөлінеді.
– «Кітап – адамзаттың ең үлкен қазынасы» дейді. Сіздің ойыңызша, бүгінгі балалардың кітапқа деген қызығушылығы қандай?
– Иә, кітап – рухани байлықтың қайнар көзі, адамзат мәдениетінің алтын қазығы. Қазіргі заманда балалардың назары, өкінішке қарай, телефон, планшет сияқты түрлі гаджеттерге көп ауады. Дегенмен бұл жағдай балалардың кітапқа деген қызығушылығы мүлде жоқ дегенді білдірмейді.
Бүгінгі күні ертегілерге, комикстерге, энциклопедияларға, заманауи балалар әдебиетіне қызығушылық танытатын оқырмандар аз емес. Әсіресе, танымдық бағыттағы, ғылыми-­фантастикалық немесе суретті кітаптарға сұраныс артып келеді. Кітапханамызда осындай қызықты туындылар арқылы балаларды кітап оқуға тарту мақсатында түрлі әдеби ойындар, ертегі сағаттары, викториналар ұйымдастырылады.
– Қазір балалар көбіне телефон мен интернетті пайдаланады. Осындай заманда кітап оқуға қалай баулу қажет деп ойлайсыз? Кітапханаңызда балаларға арналған қандай қызықты шаралар немесе әдеби кештер өткізіледі?
– Расында да, бүгінгі цифрлық дәуірде балалардың бос уақытының басым бөлігі телефон мен интернетке арналып келеді. Дегенмен кітапхана – баланы тек оқуға ғана емес, ойлануға, елестетуге, шығармашылыққа баулитын ерекше орта. Сол себепті біз балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі жаңа форматтағы іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырамыз.
Кітапхана өз жұмысында оқырмандарды тартудың тың тәсілдерін қолданады. Соның бірі – «Арт-терезе» креативті жобасы. Бұл жоба 2018 жылдан бері аудандық балалар кітапханасында жүзеге асып келеді. Мақсаты – эстетикалық тәрбие беру, балалардың көркемдік талғамын дамыту. Терезелер «Жыл мезгілдері» тақырыбында безендіріліп, әр маусым сайын жаңа бейнелермен жаңарып отырады. Мысалы, жаз мезгілінде – «Жаз» өнер терезесі, күзде – «Сәлем, Күз», көктемде – «Көктемгі шуақ», ал қыста – «Қыс, қош келдің» композициялары безендірілді. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және экологиялық бағыттағы «Таза Қазақстан – таза болашаққа жол» атты эко-терезе безендірулері ұйымдастырылды.
Балалардың табиғатқа, кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Кітаппен табиғат әлемін ашамыз!» атты кітап карнавалы өтті. Сонымен қатар, «Тыңда, балам, ертегі – ертегі сыр шертеді» атты кітап марафоны ұйымдастырылып, жас оқырмандар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Шара барысында балалар ертегілер оқып, өз ойларын ортаға салып, кейіпкерлер әлеміне саяхат жасады.
Жаз мезгілінде орталық алаңда «Ашық аспан астындағы кітап көрмесі» акциясы өтті. Бұл шара ауыл тұрғындары үшін кітаппен және мерзімді басылымдармен танысуға, пайдалы әрі қызықты уақыт өткізуге мүмкіндік берді. Көрме барысында жаңа әдебиеттерге шолу жасалып, оқырмандарға ұсынылған басылымдар таныстырылды.
Бұдан бөлек, ерекше форматтағы «Кітаптық дефиле» атты іс-шара өтті. Бұл – кітап пен оқуды дәріптейтін нағыз мереке. Шараның басты мақсаты – әдебиетті насихаттау, оқуға деген сүйіспеншілікті арттыру және мерейтойлық шығармаларды таныстыру. Ал ауылдық кітапханаларда «Кітаппен серуен» атты квест-ойын өткізілді. Бұл ойын балалардың әдеби білімін шыңдауға, логикалық ойлауын дамытуға және командалық жұмысқа баулуға бағытталған. Сондай-ақ, мерейгер авторлардың шығармашылығына арналған «Оқы әрдайым, оқы бар жерде» атты әдеби алаңша ұйымдастырылды.
– Қай жастағы балалар кітап оқуға көбірек келеді? Оларды қандай жанрдағы кітаптар қызықтырады?
– Кітапханаға жиі келетін оқырмандардың басым бөлігі – 7 мен 12 жас аралығындағы бастауыш және орта буын оқушылары. Бұл кезең – баланың танымдық қызығушылығы мен қиялы ерекше дамитын шақ. Кішкентайлар көбіне түрлі-­түсті суреттермен безендірілген ертегілер мен танымдық бағыттағы кітаптарды ұнатады. Ал орта буын оқушылары қиял-ғажайып, шытырман оқиғалы және жануарлар туралы кітаптарға қызығады.
Соңғы жылдары жасөспірімдер арасында мотивациялық, психологиялық бағыттағы кітаптарға, сондай-ақ заманауи қазақ жазушыларының шығармаларына қызығушылық артып келеді. Олар өздеріне жақын, өмірлік мысалдарға толы, шабыт беретін туындыларды іздейді.
Соңғы уақытта балалар жиі іздеп, оқитын кітаптар қатарында «Ертегілер әлемінде» сериясы, «Алтын балық» ертегісі, Ханс Кристиан Андерсеннің ертегілері ерекше орын алады. Қазақ әдебиетінен Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», М.Әуезовтің «Көксерек» шығармалары, сондай-ақ Лила Калаустың «Алтын тостаған іздеген бала» атты кітабы жиі сұранысқа ие.
– Кітап таңдауда ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен, баланың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай кітап таңдау қажет. Әр жастағы балаға арналған әдебиет түрі әртүрлі болады. Мысалы, кішкентайларға қысқа әрі түсінікті ертегілер, әдемі суреттермен безендірілген кітаптар ұсынған дұрыс. Мұндай кітаптар баланың қиялын дамытып, оқуға деген сүйіспеншілігін оятады.
Балаға кітапты күшпен оқытудың қажеті жоқ. Ең тиімді жол – ата-ананың баламен бірге оқу, оқығанын бірге талқылау. Осылайша бала кітаптағы оқиғаларды түсініп, өз ойын еркін жеткізуді үйренеді. Алғашқы кітап – баланың өмірлік досына айналатын ерекше туынды болуы керек.
– Балалар кітапханасын жаңаша форматта дамыту үшін қандай жоспарларыңыз бар?
– Қазіргі таңда кітапхана жұмысын заман талабына сай жаңғырту бағытында түрлі жаңа үлгідегі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, танымдық және ойын түріндегі шаралар, QR-код арқылы кітаптарға шолу жасау, ауданның киелі нысандарына онлайн экскурсиялар, кітапханалық карталар мен челлендж-­акциялар өткізіледі.
Басты мақсатымыз – балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру, кітапхананы тек оқу орны ғана емес, шығармашылық пен дамудың орталығына айналдыру. Болашақта интерактивті платформаларды, мультимедиялық көрмелерді, және заманауи технологияларды пайдалану арқылы балаларды тарту жоспарда бар.
– Сіздің бала кезіңізде сүйіп оқыған кітабыңыз есіңізде ме? Ол сізге не үйретті?
– Әрине, бала кезімде сүйіп оқыған кітаптарым көп болды. Әсіресе, мейірімділік пен әділдік жеңетін, батылдық пен адалдықты дәріптейтін классикалық ертегілер ерекше әсер қалдырды. «Алдар Көсе», А. Пушкиннің «Сказка о царе Салтане», «Колобок» сияқты шығармалар менің қиялымды байытып, жақсылықтың түбі жеңетінін үйретті. Бұл кітаптар арқылы мен адамгершілікке, ізгілікке және еңбексүйгіштікке баулындым.
– Қазіргі оқушыларға қандай кітапты міндетті түрде оқу керек деп ойлайсыз?
– Қазіргі жас оқырмандарға қазақ әдебиетінің классикасымен қатар, заманауи туындыларды да ұсынар едім. Атап айтқанда, Б. Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», С. Елубаевтың «Жусан иісі», «Қазақ ертегілерінің жаңа жинақтары мен аңыздары», «Ата мен немере әңгімесі», Р. Киплингтің «Маугли» шығармалары және Ыбырай Алтынсарин атындағы республикалық байқаудың «Таза бұлақ» жинағы балаларға ой салып, өмірлік құндылықтарды үйретеді.
– Әңгімеңізге рахмет, ойлы оқырмандар көп болсын.
Арлан Бақытқали, оқушы

 
 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!