Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Қазақ тілі – менің рухым

Дата: 23.09.2025 Рубрика: Изба-читальня
61
0
Қазақ тілі – менің рухым
Елімізде тіл мәртебесін асқақтатып, үштілділікті дамытуға серпін беретін дәстүрлі дода – «Тіл шебері» республикалық байқауы биыл да өткен болатын. Бұл игі шара Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Байқау биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналып, ерекше мазмұнмен, рухани мәнге толы түрде өтті. Қазақтың ұлы ойшылы, данышпан ақынның «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қанатты сөзі сайыс рухына арқау болды.
«Тіл шебері» байқауына еліміздің 15 өңірінен алдын ала іріктеуден өткен мемлекеттік қызметшілер қатысты. Әрбір қатысушы өзінің үш тілдегі (қазақ, орыс, ағылшын) білімін, шешендік қабілетін және танымдық деңгейін көрсетуге мүмкіндік алды.
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушыларға қазақ тіліндегі көнерген сөздердің мағынасын ашу тапсырылды. Бұл сынақ олардың тілдік қоры мен ұлттық дүниетанымын айқындады. Ал екінші кезеңде орыс тілінде Қазақстанның аймақтары, ұлттық құндылықтары мен мәдениеті жайлы сұрақтар қойылды. Үшінші кезең ағылшын тілінде еліміздің ұлы тұлғалары мен ұлттық дәстүрлеріне және ұлттық аспаптар туралы тақырыптарды тарқатып, өз ойларын еркін жеткізді.
Қазылар алқасы құрамында үш тілде еркін сөйлейтін филолог-ғалымдар, тәжірибелі тіл мамандары мен түрлі сала өкілдері болды. Олар үміткерлердің сөз саптау мәдениетіне, тілдерді меңгеру деңгейіне, логикалық ойлауына және кәсіби шеберлігіне ерекше назар аударды.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік үштік анықталды. Осы байқауға Қостанай облысы атынан қатысқан Рауан Жақсан облыстық тексеру комиссиясының бас инспекторы-мемлекеттік аудиторы болып қызмет етеді. Ол жүлделі үшінші орынға ие болды.
Жас маманның тілі жатық, ойы жүйрік, сөз саптауы әсерлі. Ол қазақ тілінде көнерген сөздердің мағынасын нақышына келтіріп ашып, орыс тілінде еліміздің аймақтық ерекшеліктерін нақты мысалдармен жеткізсе, ағылшын тілінде қазақ халқының тарихи тұлғалары мен дәстүрлерін көркем сөзбен баяндай білді.
«Бұл байқауға қатысу мен үшін үлкен сын әрі мүмкіндік болды. Әрбір кезеңде тек білімді ғана емес, жүрекке жақын ұлттық құндылықтарды да дәріптеуге тырыстым. Қазақ тілі – менің рухым, орыс тілі – ой өрісімді кеңейтетін құрал, ал ағылшын тілі – әлемдік өркениетпен тілдесудің көпірі. Осы үшеуін қатар меңгеру уақыт талабы десе де болады. Үш тілдің де құдіретін сезініп, сонымен бірге өз ана тіліміздің мәртебесін көтеру – әр қазақтың парызы деп білемін», – дейді Рауан Жақсан өзінің әсерімен бөлісіп.
«Тіл шебері» байқауы жыл сайын жас мемлекеттік қызметшілердің үш тілде еркін сөйлеуіне жағдай жасап қана қоймай, тіл мәдениетін насихаттауға, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге зор үлес қосып келеді. Бұл байқау үштілділік саясатының нақты жүзеге асуының айқын көрінісі.
Жүлдегерлер дипломдармен, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Осылайша, үш тілді еркін меңгерген жас буынның басын қосқан «Тіл шебері – 2025» байқауы мәресіне жетіп, көпшілікке рухани серпін, шабыт сыйлады.
Арлан Асқар, оқушы
 

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!