Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Жас мамандар жүлдегер атанды

Дата: 02.06.2026 Рубрика: Фантазёры
6
0
 Жас мамандар жүлдегер атанды
Екі апта бойы 500-ден астам студент, мектеп оқушысы және мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілері «WorldSkills Kostanay – 2026» өңірлік чемпионаты алаңдарында өз мамандықтары бойынша бақ сынады.
Қатысушылар кәсіби шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, заманауи еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларын дәлелдеуге мүмкіндік алды.
Жыл сайын чемпионаттың ауқымы кеңейіп келеді. 2015 жылдан бері қатысушылар саны 12 есеге артса, құзыреттер саны 4-тен 80-ге дейін өскен. Биыл өңірлік деңгейде 20 жаңа құзыреттілік енгізілді, оның екеуі мектеп оқушыларына арналды. Қатысушылардың жұмысын 400-ге жуық сарапшы бағалады. Олардың қатарында серіктес кәсіпорындардың өкілдері, өндіріс мамандары және өз саласының кәсіби шеберлері болды.
Биылғы чемпионат 80 құзыреттілік бойынша өткізілді. Оның ішінде 56 негізгі құзыреттілік және 24 қосымша бағыт қамтылды. Атап айтқанда, мектеп оқушыларына арналған JuniorSkills, мектепке дейінгі балаларға арналған BabySkills, ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге арналған «Абилимпикс» және жас мамандарға арналған ProfySkills бағыттары ұйымдастырылды.
Қостанай облысы білім басқармасының басшысы Айман Ибраева құттықтау сөзінде чемпионаттың Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев жариялаған Ақпараттандыру және цифрлық өзгерістер жылы аясында өтіп отырғанын ерекше атап өтті.
– Бүгінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект экономиканы дамытудың басты негізіне айналып отыр. Ал WorldSkills қозғалысы түрлі сала үшін жаңа цифрлық дәуірге сай білікті мамандар даярлауға зор ықпал етуде. Бұл – жай ғана жарыс емес, білім беру, бизнес пен өндіріс тоғысатын, еліміздің кадрлық әлеуетін қалыптастыратын үлкен алаң, – деді ол.
Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және Қостанай облысының жетекші кәсіпорындары ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Өз әсерімен «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша алтын медаль иегері атанған Қостанай жоғары политехникалық колледжінің студенті Ұлжан Оспан бөлісті. Оның айтуынша, чемпионат оқу барысында жинаған білім мен тәжірибені іс жүзінде көрсетуге үлкен мүмкіндік берген.
– Мен барлық конкурстық модульдерді сәтті орындап, кәсіби даярлығымның жоғары деңгейін көрсете алдым. Әділ бәсекеде алтын медаль жеңіп алғаныма қуаныштымын. Бұл жетістік мені таңдаған мамандығым бойынша әрі қарай дамуға жігерлендіреді, – деді ол.
Колледждер арасындағы медальдық есепте Қостанай жоғары политехникалық колледжі көш бастады. Білім ордасының қоржынында 14 медаль бар. Екінші орынды 13 медальмен Қостанай құрылыс колледжі иеленсе, үшінші орынға 11 медаль алған Қостанай жоғары автомобиль көлігі колледжі тұрақтады.
Ең жас қатысушылар да өз жетістіктеріне ерекше қуанды. Биыл JuniorSkills және BabySkills байқауларына облыстың 37 ұйымынан мектепке дейінгі және мектеп жасындағы 97 бала қатысты. Олар жас мамандардың тәжірибелік жұмыстарымен танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Мұндай ерте кәсіптік бағдар беру жұмыстары балалардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына ықпал етеді.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар қатысушылар үшін жарыстар «Абилимпикс» бағдарламасының үш құзыреті бойынша өтті. Олар: «Шаштараз өнері», «Мәтінмен жұмыс» және «Сән технологиясы». Бұл бағыттар инклюзивті білім беруді дамытуға және ерекше жандардың кәсіби мүмкіндіктерін арттыруға жол ашады.
«WorldSkills Kostanay – 2026» өңірлік чемпионатының жеңімпаздары енді 2026 жылдың желтоқсан айында өтетін «WorldSkills Kazakhstan – 2026» республикалық чемпионатында Қостанай облысының намысын қорғайды. Бұл додада өңірдің үздік жас мамандары өз білімдері мен шеберліктерін ел көлемінде дәлелдеуге мүмкіндік алады.

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!