Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Мы находимся по адресу

Казахстан, Костанай
ул. Байтурсынова, 55

Подписывайся на нас

Ұлттық тәрбие – өмір өзегі

Дата: 18.11.2025 Рубрика: Фантазёры
32
0
Ұлттық тәрбие – өмір өзегі
Қазіргі жаһандану дәуірінде жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен ізгілікті сіңіру – ұлт болашағын сақтаудың басты кепілі. Осы мақсатта Қостанай қаласындағы №24 мектеп-­гимназиясының бастауыш мектебінде соңғы үш жыл бойы «Күретамыр» жобасы табысты жүзеге асып келеді.
Биыл бұл жоба «Адал азамат» атты біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жалғасын тапты.Жоба қазақтың белгілі жазушысы, ұлт анасы Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» атты еңбегі негізінде әзірленген. Мақсаты – елдік сана, отбасылық береке, адамгершілік пен ұлттық намыс ұғымдарын жас буын жүрегіне ұялату. «Ұлттың күретамыры – оның тәрбиесінде» деген ұстаным мектеп өмірінің өзегіне айналған.
Жоба қазақтың белгілі жазушысы, ұлт анасы Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» атты еңбегі негізінде дайындалған. Мақсаты – жас ұрпақтың жүрегіне елдік сана, отбасылық құндылықтар, адамгершілік пен ұлттық намыс сезімін ұялату. «Ұлттың күретамыры – оның тәрбиесінде» деген ұстаным мектеп өмірінің басты бағыттарының бірі ретінде қалыптасқан.
Бұл жоба арқылы оқушылар салт-дәстүр мен ұлттық мұраның мәнін терең түсініп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сынды адами құндылықтарды бойына сіңіруде. Мектеп ұжымы мен ата-аналар арасындағы байланыс та нығайып, тәрбиенің үздіксіздігіне жол ашылған.
Жоба аясында «Ата дәстүрі – асыл қазына» атты тәрбие сағаттары өткізіліп, оқушылар салт-дәстүрлердің мән-маңызын түсініп, өз отбасылық дәстүрлерімен бөліседі. «Әкелер мектебінде» оқушылар мен ата-аналар «Қолға су құю», «Бата алу», «Аңшылық», «Атқа міну мәдениеті» сияқты қазақы дәстүрлердің тәрбиелік қырын танып, әкенің отбасындағы рөлі жайында пікір алмасты.
«Аналар мектебінде» «Табақ тарту» дәстүрі көрсетіліп, ұлттық тағамдардың адам ағзасына пайдасы мен қазіргі фастфуд өнімдерінің зияны талқыланды.
Оқушылар «Кіндік шеше», «Тұсау кесу», «Ат қою», «Ұлт киімдері», «Ұлт тағамдары» сияқты тақырыптарда танымдық сабақтар өткізді. Қазақ киім үлгілері мен әшекей бұйымдарының тәрбиелік мәніне тоқталып, хиджаб киімдерімен салыстырмалы талдау жасалды.
«Әжелер мектебі» аясында «Әжем айтқан ертегі» атты оқуға құштарлық сағаттары ұйымдастырылып, «Қолөнер», «Тыйым сөздер», «Тіл ұстарту» сабақтары өткізілді. Балаларды ұрып емес, сөз арқылы тәрбиелеудің мәні кеңінен ашылды.
Жоба аясында оқушылар үшін арнайы тәрбие сағаттары, «Салт-дәстүр күні», отбасылық кездесулер, шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Балалар әжелерден ертегі тыңдап, ұлттық тағамдар әзірлеуді үйренеді, ал ата-аналар мен мұғалімдер бірге ұлттық киімдер мен ойындарға қызығушылықты арттыруда.
Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» еңбегі – ұлт рухының айнасы. Ал оның негізінде жүзеге асқан бұл жоба – сол рухты мектеп қабырғасында қайта тірілтудің, жас буынды ұлттық тамырымен байланыстырудың нақты үлгісі. №24 мектеп-­гимназиясы ұжымы «Күретамыр» арқылы жас буынды адамдық пен азаматтыққа, ұлттық намыс пен рухқа тәрбиелеудің жарқын үлгісін көрсетуде.
Айзия Қыдырбек, С. Мәуленов атындағы гимназияның оқушысы

Гүлжамила Сүндетбаева:
«Мен Ерасыл Нарбектің әжесімін. Бұл жоба арқылы өзіміз де ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерді еске түсіріп, немерелерімізге, балаларымызға үлгі бола бастадық. Балаға тек мектеп емес, ата-ананың да ықпалы қажет. Біз бірге тәрбиелегенде ғана нәтиже шығады».
Шолпан Ахметова, бастауыш сынып мұғалімі:
«Біздің басты мақсатымыз – баланың жүрегіне мейірім, бойына намыс ұялату. Сабақ барысында балалар ұлттық ойындарды ойнап, мақал-­мәтелдер мен тыйым сөздердің мағынасын талдайды. Оларды өз отбасында қолдана бастағандары қуантады. Бұл – ең үлкен жетістік».
Нұргүл Қасенова, мектеп-­гимназия директоры:
«Күретамыр – жай ғана жоба емес, бұл – ұлттық тәрбиенің мектебі. Біздің мақсатымыз – оқушыны тек білімді ғана емес, рухани бай, ұлтжанды тұлға етіп тәрбиелеу. Зейнеп Ахметованың еңбегі арқылы біз ұрпақ пен ата-баба арасындағы рухани сабақтастықты жаңғыртып отырмыз».

 

Комментарии

Обязательное поле

Комментариев нет

Оставьте комментарий. Ваше мнение важно для нас!