Мыңнан тұлпар
Дата: 13.05.2025 Рубрика: Фантазёры
0



Жас әншілердің басын қосқан өнер додасы «Алтын микрофон-2025» халықаралық әншілер байқауының облыстық кезеңі Тобыл қаласында өтіп, өз мәресіне жетті. Облыстың әр өңірінен келген дарынды өнерпаздар бұған дейін өткен аймақтық іріктеулерде өз өнерін көрсетіп, үздік атанып, облыстық байқауға жолдама алған болатын. Бүгінгі додада жас әншілер шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеп, нағыз сахна тартысында өз бақтарын сынады. Байқау нәтижесінде үздік деп танылған жеңімпаздар енді тамыз айында өтетін халықаралық деңгейде облысымыздың намысын қорғайтын болады.
Байқау алғашқы жылдары облыстық дейгейде өтсе, уақыт өте келе халықаралық дәрежеге жетті. Осынша жылдың ішінде бағын сынап, үмітін үкілеп келетін жастардың да қатары арта түсуде. Қазылар алқасының төрайымы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлбану Абдуллина бастаған кәсіби мамандар әділ бағасын берді.
Осы байқауға шәкіртін дайындап келген жанның бірі – Мұратбек Әбдісалықов. Ол Арқалық қаласына қарасты Родина ауылдық клубының мәдениет ұйымдастырушысы. Барлық мәдени іс-шаралардан қалыс қалмай, белсенділік танытып, түрлі байқауларда жүлделі орындар алып жүрген тәжірибелі маман. Бұл жолы да шәкірті Томирис Жаңбыршыны үлкен дайындықпен алып келді. Томирис – талапты да талантты жас өнерпаз, түрлі топтарда өнерімен танылып жүрген өрен. Ол кәсіби орындаушылар санатында үшінші орынды иеленіп, өзінің шеберлігімен қазылар алқасын тәнті етті. Томирис бұл байқауға «Жұмақ мекені» және «Ерлердің ісі біте ме?» атты екі әсерлі әнмен қатысты. Жетекшісімен бірге олар халықаралық деңгейдегі байқауға жолдама алып, еліміздің атынан өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
«Шәкіртімді ауылымның атынан қатыстырдым. Жалпы байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әділ әрі тартысты өтті. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе алаңы болды, алған әсеріміз бен үйренгеніміз өте мол. 15 мемлекеттен келген қатысушылармен бір сахнада өнер көрсету – үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш болары сөзсіз. Әрине, мұндай бәсекеде жеңіске жету оңай емес, бірақ бұл байқау әр ауылдың баласына өз өнерін көрсетіп, елге танылуға үлкен мүмкіндік береді. Осындай халықаралық деңгейдегі жарыста өнерлі балаларды сахнаға шығарып, оларды қолдаған ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Еңбегімен келген жетекшілерге Алғыс хат табысталуы да – ерекше қолдау. Бұл бізді шабыттандырып, алдағы уақытта да еңбек етуге серпін берді. Ең қуаныштысы – байқауға қатысқан 68 баланың ешқайсысы да назардан тыс қалмады, бәрінің де еңбегі бағаланып, марапатталды. Бұл – әр балаға берілген үлкен демеу әрі ынталандыру», – дейді Мұратбек Әбдісалықов.
Сонымен, облыстық кезеңнің жеңімпаздары анықталып, есімдері белгілі болды. Жүлдегерлердің барлығы облыс намысын абыроймен қорғап, әр өңірден келген қатысушылар арасынан өз қабілеті мен дарынымен ерекшелене білді. Әсіресе, кәсіби деңгейде көзге түсіп, халықаралық байқауға жолдама алған қатысушылардың жетістігі облыстық өнердің дамып келе жатқанын көрсетеді. Әділқазылар алқасы әр қатысушының еңбегін бағалап, олардың өнердегі болашағына сенім білдірді. Байқау тек жарыс емес, сонымен қатар шабыт пен ынталандыру алаңына айналды.
Комментарии